Биыл Шымкентте Ұлы Жеңістің 80 жылдығына екі ардагер куә болмақ. Солардың бірі - 20 күннен соң 100 жасқа толатын Мұраталы Төлепбергенұлы. Түркістан облысы Түлкібас ауданының тумасы әскерге 18 жасқа толмай шақыртылғанын айтады. Бір әкеден туған 5 ұл соғысқа қатысқан. Елге 1950 жылы оралған қарт жауынгер 8 перзент тәрбиелеп, өсірді. Отан үшін от кешкен Мұраталы Төлепбергенұлы Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенберг, Перлеберг қалаларында шайқасқан. Мереке қарсаңында басқарма өкілдері ардагерді құттықтады.
МҰРАТАЛЫ ТӨЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ, СОҒЫС АРДАГЕРІ:
1945 жылдың аяғына дейін майдан даласында Польшаны аралап өттік. Беларусты аралап өттік. Брест маңында болдық. Варшаваны азат еттік. Сол үшін міне «Варшава» бар медалім. Содан 1945 жылы неміс жерінде Одер өзені дейтін бар, шекара өзені, үлкен өзен. Сол өзеннен өткеннен кейін 1945 жылы Германияны басып алдық.