Атырапты тұлпарлар тұяғы дүбірлеткен "Ұлы дала жорығы" марафоны басталады. Шабандоздар 5 күнде 500 шақырымды артта қалдырмақ. Айта кетейік, дүбірлі доданы өткізуге "AMANAT" партиясы ұйытқы болып келеді. Халықаралық бәйгеге елімізден 14, шетелден 9 команда, 120 спортшы қатысады. Шара Қонаев қаласынан басталып, Балқаш, Жамбыл және Іле аудандарының табиғаты көркем, тарихқа бай аумақтарын қамтиды. Мамырдың 9-ы мен 14-і аралығында жоспарланған марафон Ұлы жеңістің 80 жылдығына арналған.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Бұған дейін бірнеше өңірді қамтып, мыңдаған шақырымға созылып келген бұл дәстүрлі бәйге-марафон биыл қатысушылардың қарымын бір ғана облыс көлемінде сынағалы отыр. Мерейлі халықаралық шара біздің мәртебемізді арттырып қана қоймай, облыс жұртшылығына зор жауапкершілік артары да анық. Сондықтан барымызды салып, дайындалып жатырмыз.