$512.34 €582.07 ₽6.31
×

Трамп: АҚШ Украинамен жасалған келісімнен 350 млрд доллар пайда табады

AstanaTV
01.05.2025ж. 20:35
55
Трамп: АҚШ Украинамен жасалған келісімнен 350 млрд доллар пайда табады

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинамен жасалған минералды ресурстарға қатысты келісім Америка Құрама Штаттарына осы уақытқа дейінгі 350 миллиард долларлық көмек шығындарын өтеп қана қоймай, одан да көп табыс әкелетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол бейсенбі күні таңертең NewsNation телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тікелей эфир кезінде жүргізушінің «АҚШ-тың Украинада болуы Ресей президенті Владимир Путинді тежеуге көмектесер ме еді?» деген сұрағына жауап бере отырып, Трамп келісімге қол қою себебін түсіндірді.

350 миллиард доллар жұмсадық. Ал Еуропа небәрі 100 миллиард бөлді, оның өзін қарыз ретінде берді. Ал Байден 350 миллиардты – қолма-қол ақшамен, әскери техникамен тегін берді. Біз ештеңе алмадық. Мен өзімді ақымақтай сезіндім. Еуропа ақшасын қайтарып алады, ал біз – жоқ. Сондықтан мен украиналықтарға барып: "Бізге сирек кездесетін жер металдары қажет", дедім. Олар бұл ресурстарға бай. Бұлар басқа жерлерде сирек кездесетін аса құнды материалдар. Бұл – үлкен актив. Біз бүгін келісімге келдік, және бұл келісім арқылы біз 350 миллиард доллардан да көп пайда табамыз, – деді Трамп.

Аталған келісім нақты қандай ресурстарды қамтитыны және оның мерзімі жайлы ақпарат әзірге жарияланған жоқ.