$512.34 €582.07 ₽6.31
×

Алматы облысында есірткі қолданған ер адамның көлігінен кептірілген қарасора табылды

AstanaTV
01.05.2025ж. 23:35
82
Алматы облысында есірткі қолданған ер адамның көлігінен кептірілген қарасора табылды

Алматы облысында есірткі қолданған ер адамның көлігінен ірі көлемде кептірілген қарасора табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында полиция қызметкерлері Байсейіт ауылының 34 жастағы тұрғыны басқарған Mitsubishi Lancer көлігін ұстады.

Көлікті тексеру кезінде артқы орындарынан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған 20 түйіншегі бар полиэтилен пакет табылды. Сонымен қатар, қолдан жасалған пышақ та тәркіленді.

«Ер адам медициналық тексеруге жіберілді, оның нәтижелері бойынша ол каннабиноидтарды қолдану салдарынан есірткілік мас күйінде болғаны анықталды. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың салмағы 1 келі 153 грамм кептірілген қарасора екенін растады», – деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді шаралар қабылдануда.

Құқық қорғау органдары азаматтарды есірткінің заңсыз айналымына байланысты заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырып, мұндай құқықбұзушылықтар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.