Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Онкологиялық аурулар бәсеңдейтін емес...

AstanaTV
21.05.2016ж. 20:00
3177
 Онкологиялық аурулар бәсеңдейтін емес...

Семейде ядролық медицина орталығы ашылады дегенге үш жыл. Павлодарда жоспарланып қойылған онко-орталықтың құрылысы басталмай отыр. Ал Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстары онкологиялық аурулар бойынша алғашқы үштікке кіреді. Бұл мәселенің бір жағы. Екінші жағынан, адамдардың өздері де салдыр-салақ. Скринингтен өту, дәрігерлерге тексерілу мәдениеті жоққа тән... Экология, дұрыс тамақтанбау, дұрыс тамақтанудың қымбаттығы, уайым-қайғы, стресске апаратын жағдайлардың көптігі... Бұл мәселелердің көбесі дәл қазір сөгілмейтін болғасын, жүйке жүйесін барынша сақтау мен оқтын-оқтын қаралап жүруді айтудан басқа амал жоқ. 

Аты-жөнін атап, обырдың нақты қай түрімен ауыратынын айтпауды сұраған бұл қарияға қатерлі ісік диагнозы қойылғанына екі жыл. Ағзадағы өзгерістерді сезгені қашан?! Бірақ, күш-жігерін  жиып онкодиспансерге келгені сол еді, дәрігерлер қуантпады. Бірақ, үмітін үзбейді.

Арқасымен түсірілген апа:

Алланың маған берген бір сынағы шығар. Осы ауруды қайткен күнде жеңіп шығайын, әркімнің алдына барып жылап, айтпай-ақ қояйын, сүйінші сұрамай-ақ қояйын, өзім осы ауруменен шамам келгенше бірінші алла, екінші балаларымның арқасында өзім күресіп келе жатырмын.

Ауруы жанына батса да, қарт ана білдіртпеуге тырысты. Осыдан-ақ, мүсіркеуді жақтыртпайтынын түсіндік. Өмірге құштарлығы тәнті етті. -Алдағы Оразаға жаңа көйлегімді тігіп, әзір отырмын,- деп те қояды. Сәулелік терапия қабылдаған ол енді отаны күтіп жатыр.

Осы ауруханаға жатқалы бері неше түрлі жастарды көрдім. +Мен өзім үшін қайғырмаймын. Өзімді көп ойламаймын. Өйткені, расында ана жастардыкөргенде ойлаймын, шіркін солар ауырмаса екен, өйткені, олардың асулары алда.

Иә, қатерлі ісік жасарып барады. Ащы ақиқатты дәрігерлер де растайды. Статистикаға сенсек, жыл сайын елімізде 15 жасқа толмаған  350-400 бала осы дертке шалдығады. Мәселен,тек Оңтүстік Қазақстандаауыр сырқатпен ауырған 208 жеткіншек есепте тұр. Солардың бірі - жеті жастағы Сәния. «Лейкоз»деген диагноз оғанбылтыр наурызда қойылған. Байқағанымыз, балғынды дерті ерте есейткендей. Қуыршақпен мүлдем ойнамайды. Моншақтардан әшекейлер жасағанды құп көреді. Болашақта дизайнер болғысы келеді. Бір жылға жуық созылған ем-домнан шаршаған бүлдіршіннің басты арманы -  қайталап ауырмау.

Сәния Жанұзақ:

Мен ешқашан ауырмасам екен деп армандаймын.

Сәния үйдің ортаншысы. Ағасы мен інісі бар. Анасының айтуынша,балабақшада өнерімен топтың гүлі болған балғын бес жасқа дейін еш ауырмапты. Денсаулығы аяқ астынан сыр беріп, ауруханадан бір-ақ шығады. Түрлі сараптамадан кейін облыстық балалар ауруханасының мамандары «лейкоз» диагнозын қойған. Ұзақ ем алғандықтан, қатарластарымен бірге мектеп табалдырығын да аттай алмапты. Дайындық тобына барып жүргенде, ауруы асқынып сабақ жайына қалды,- деп еске алады анасы.

Бибігүл Орбасова, Сәнияның анасы:

Мама сізге ішім ауырды деп бекер айтыппын. Айтпағанымда сіз мен больницаға алып келмес едіңіз ғой. Өстіп жатпайтын едік қой, деп ренжиді маған, жылайды. Әрине үлкен адамның өзі әзер шыдайды бұған. Организмі жас, Аллаға шүкір алып шықты.

Алаңдатарлық үрдіс оңтүстікте ғана емес, теріскейде де. Солтүстік Қазақстан облысында ісік ауруына шалдыққан 8650 науқас тіркеуде тұр. Қызылжар өңірі осы аурудан көз жұматындар бойынша  үшінші сатыда. Онкологиялық диспансердің бас дәрігері мұны қарт кісілер үлесінің басымдығымен түсіндіреді. Алпыстан асқандардың саны 16 пайызға жетіпті. Біраққатерлі ісіккежастар да көп шалдығып барады. Петропавлда тіпті бір жасқа толмаған сәбилерге де қауіпті диагноз қойылған.

Ермек Әбдірім, СҚО онкологиялық диспансердің бас дәрігері:

Жас кезінде кездесетінін байқап отырмыз. Соның нәтижесін ойлаймыз сол тұқым қуалайды кейбір аурулар. Тұқым қуалағанда дәл сол ауру емес, бірақ сол қатерлі ісік ауруының бір түрі кездесуі өте жиі. Біздің балалардың өзінде жыл сайын 30-40 балада қатерлі ісікті тауып отырмыз.

Соңғы 20 жылда қатерлі дертке шалдығу көрсеткіші бойынша көш бастап тұрған облыс - Шығыс Қазақстан. Обырдың дендеуіне ядролық сынақтар жарты ғасырға жуық жүргізілген Семей полигонының кесірі тигені хақ. Өңір онкологтары емдеудің жаңа тәсілдерінің оң нәтиже бергенін айтады. Дегенмен, көрсеткіш көңілге қонымсыз.

 

Арман Мұқажанов, Өскемен онкодиспансері бас дәрігерінің орынбасары:

Диспансерге келушілердің саны артып келеді. Біз жылына қатерлі ісікке шалдыққан 2 мың науқасты есепке аламыз. Жалпы тіркеуде тұрғандардың саны облыс бойынша 11 мың адам.

Шығыс Қазақстандық онкологтардың басты үміті – ядролық медицинада. Бірегей радиологиялық орталықтың ғимараты дайын. Алайда, міне үш жыл болды, оны қолданысқа беру мерзімі шегеріліп келеді. «Дәстүрге» сай жыр – құрылыс компаниясы мен қондырғы жеткізетін компанияның арасында дау туған. Жобаға сәйкес келмейтін жүйе орнатылмаған. Жаңа ақпарға сәйкес, құны 7 млрд теңгені құрайтын мекеменің ашылуы биылғы шілдеге белгіленіпті.

Арман Мұқажанов, Өскемен онкодиспансері бас дәрігерінің орынбасары:

Бұл орталықты асыға күтіп отырмыз. Ол емдейтін ғана емес, диагностикалық  орталық болмақ. Мұндағы жаңа технологиялардың арқасында қатерлі ісікті ерте, әрі нақты диагностикалап, әр пациентке жекелей ем-дом тағайындауға мүмкіндік болады. Бұл – обырды емдеудің соңғы жетістігі деп білемін.

Бұл - ерлі-зайыпты Жураковскийлер. Отағасынан үш жыл бұрын ішек обыры анықталған. Бүгінде Керекудегі хоспистің тұрақты пациентіне айналған ол  скринингтен дер кезінде өтпегеніне өкінеді. Үш мәрте ажалмен бетпе-бет кездескен қария айықпас дертпен күресуде жақын адамдардың қолдауы қажет-ақ,-дейді. Өзінің демеушісі зайыбы. Зинаида Алексеевнаның табандылығы мен сенімі бойына үміт ұялатады... Әйткенмен, мынау төрт қабырғада қайдағы алаңсыз өмір...

Валерий Жураковский:

Мұндағы адамдар өзгеріп тұрады. Ойлап қарасам, алғашқы топтан мен ғана тірі қалыппын. Қалғандары келмеске кетті. Сондықтан, айтарым, денсаулықтарыңыздан титтей кінарат байқалса, дереу тексерілу керек. Сырқатымды ертерек білгенімде, бәлкім, хосписке түспеспе едім?! Тірі аруақтардың санатында болмас па едім, кім білсін...

Павлодар қаласындағы хоспис 15 пациентке шақталған. Қазір мұнда 19 науқас жатыр. Дәрігерлер «қажет болса, қосымша керует қойып, келгендерді қабылдай береміз»,- дейді. Жыл басынан бері 60 адам бақилық болыпты. Екеуі жеткіншек. Есептеп көрсек, адамдар күн ара қаза тапқан...

Рак ауруларынан көз жұматындар респулика бойынша екінші орында. Жыл сайын қатерлі ісіктен елімізде 17 мың адам көз жұмады. Оның 42 пайызы еңбекке жарамды тұлғалар. Дәрігерлер Валерий ақсақалдың сөзін қайталайды -  тұрғындар өз денсаулығына енжар қарайды. Уақытында тексерілмеу өз алдына, сырқат анықталған жағдайда емделуге асықпайтындар көп. 

Ернұр Нығманов, онколог-дәрігер:

Көптеген адамдар бізге қабылдауға емес, диспансерге кіруге қорқады. Бұл дұрыс емес. Біріншіден бұл адамның өз денсаулығы, қорқып бізге келмесе, жамандығы өзіне тиеді. Сол себепті, әр адам өзін қолына алып, шағымдар болған кезде- маманға барып, уақытында тексеріліп, емделуі керек.

Қатерлі аурудың алдын алу үшін елімізде скриниг бағдарламасы жұмыс істейді. Мәселен, тек Павлодар өңірінде былтыр ракқа шалдыққан 146 адам анықталған. Биылғы жылдың 1- тоқсанында скринингтен өткен 37 мың тұрғынның 20-сынан қатерлі ісік табылыпты. Айта кететіні, аталған медициналық қызмет тегін жүргізіледі. Алайда, адамдар сол тегін қызметке жүгінбейді.  

Валерий Кравчук, онколог-дәрігер:

Қыруар қаржы бөлініп жатыр. Диспансерлер химия препараттармен қамтылып, тиісті құралдармен жабдықталуда. Тұрғындарға онкологиялық көмек көрсету үшін мамандар қайта даярланды. Алайда, келушілер аз. Бұқара тексерілуді қажет деп таппайды. Сосын ауруы әбден асқынған кезде дәрігерлерден «ғажайып» айығуды талап етеді. 

Қатерлі ісік деңгейі бойынша үшінші орында тұрған Павлодар өңірінде 10 мыңнан астам науқас дәрігердің жіті бақылауында. Жылына 2 мың адам обыр диагнозымен есепке алынады. 100 мың адамға шаққанда 141 адам  осы дерттен бақилық болады. Көп тарағандары - сүт безі ісігі, одан кейін өкпе, тері  және асқазан рагы .

Айтпақшы, Павлодарда жаңа онкодиспансер салу мәселесі көтерілгелі қашан. 2015 жылға жоспарланған құрылыс экономикалық дағдарысқа байланысты қаңтарылып қалды. Ал, осы аптада мәжілісмендер мәслені тағы көтеріп, жобаның бастапқы құрылысына 800 млн теңге бөлуді сұрап, Үкімет басшысына сауал жолдады. Анықталғандай, 200 адамға шақталған жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттары да әзір көрінеді. 7,2 млрд теңге. Бюджеттің миллиардтаған қаржысы игерілмей қалатынын ескерсек, табылуы тиіс ақша сияқты...

Әсемгүл Мұхитқызы, «Біздің Уақыт».