Америкалық боксшы Джахай Такер күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлады 1bol.kz.
Орта салмақта өнер көрсететін америкалық боксшы Джахай Такер кезекті жекпе-жегін Қазақстанда өткізгісі келетін айтты. Ол қазақстандық әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен (17 жеңіс, 0 жеңіліс, 12 нокаут) жұдырықтасуға ниетті екенін мәлімдеді.
«Жәнібекпен 24 не 25 жасқа толмай тұрып-ақ кездескім келеді. Қазақстанға барып, оның чемпиондық белбеулерін тартып алып, үйге жеңіспен оралғым келеді», — деді 22 жастағы Такер Tha Boxing Voice басылымына берген сұхбатында.
Такер соңғы жекпе-жегін 5 сәуір күні Лас-Вегаста өткізіп, төрешілердің бірауызды шешімімен британиялық Трой Уильямсонды (20 жеңіс, 4 жеңіліс, 1 тең) жеңіп шықты. Дәл сол күні Астанада өткен кездесуде Жәнібек Әлімханұлы француз Анауэль Нгамиссенгені (14 жеңіс, 1 жеңіліс, 9 нокаут) бесінші раундта нокаутқа түсіріп, WBO және IBF белбеулерін сәтті қорғады.
Айта кетейік, Әлімханұлы қазір WBC чемпионы, доминикалық Карлос Адамеспен кездесуге ұмтылып жүр. Бірақ әзірге бұл жекпе-жек нақты келісілген жоқ.