Шымкентте пәтер иесі жалға беру барысында қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық прокуратура мәліметінше, Шымкентте алғаш рет пәтерді жалға берген иесі қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
«А» есімді азаматша пәтерді газ қызметімен келісімсіз және газ қауіпсіздігі талаптарын сақтамай, жалға берді. Нәтижесінде пәтерге газ тарап, пәтерді жалға алушы «Б» көмірқышқыл газынан улану салдарынан қайтыс болды.
2025 жылдың 18 сәуірінде Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты азаматшаны ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы («Жұмыс жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу») бойынша кінәлі деп тауып, 4 жыл шартты жаза тағайындап, пробациялық бақылау белгіледі
«Бұл жағдай пәтерді жалға беріп, табыс табатын әрбір азаматтың жалға алғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті бар екенін айқындады. Жауапсыздық ауыр зардаптарға және қылмыстық жауапкершілікке алып соғуы мүмкін.
Прокуратура заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын ескертеді», - делінген хабарламада.