$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Зейнетақы өсті. Дегенмен «арбаға мінгескендерді» қалай түсіріп кетеді?

AstanaTV
01.07.2017ж. 20:00
1821
Зейнетақы өсті. Дегенмен «арбаға мінгескендерді» қалай түсіріп кетеді?

Бүгіннен бастап зейнетақы өсті. Былтырмен салыстырғанда 20 пайызға. Бұл өзгеріс 2 млн-нан астам адамға қатысты. Төменгі зейнетақы базалықты қосқанда, 37 мың 789 теңгеден 45 мың 711 теңгеге көбейді. Орташа көлемдегісі 55 мың 117 теңгеден 66 мың 676 теңгеге артты. Зейнетақының 8,10 мыңнан аса теңгеге өсуі әрине, жақсы жаңалық. Себебі ауыл-аймақта зейнетақыға қарап отырған отбасылар аз емес.

Дамыған мемлекеттерде зейнеткерлердің ел аралап, саяхаттап жүретінін, кешкі асын мейрамханада ішетінін көзіміз көрген. Біздегі зейнеткерлердің шетелге саяхаттамаса да, егер денсаулығында үлкен бір кінәрат болмаса, зейнетақысы өзіне жетер еді. Бірақ айтып отырмыз ғой, олардың көбісі бүтін бір отбасын асырап отыр. Жұмыс істемейтін балаларын бас салып кінәлай да алмайсың, рас ешнәрсе таппай отырғандары бар. Бірақ кәрі әке-шешесі мәңгілік мекеніне кеткенде не істейді. Соны ойлаулары керек. Бәрібір қимылдау керек. Қызылордалық Октябрь ақсақалдың мысалында біздің уақыттың зейнеткері туралы материалды Шарипа Сақтапова дайындады. 

Октябрь  Тәжімбетов, зейнеткер:

Жыл сайын біздің зейнетақымызға ақша қосып жатыр. Енді биыл 2017 жылдың қаңтардан бастап зейнетақымызға ақша қосты. Еңді екіншісі мынау, шілде айында қосылып жатыр. Осының бәрі бізге әдәуір көмек.

Қариясы бар үй бүгінгі күні расында берекелі. Өкінішкі қарай, оның ішінде жұмыссыз азаматтары бар отбасы үшін қарт әкелері мен аналарының зейнетақысы нағыз олжа. Мысалы, сексеннің сеңгіріне жеткен Октябрь ақсақалдың қызы мен ұлы еңбек еткісі келгенімен, жұмыс жоқ, таппай отыр. Бәйбішесі қайтыс болған қарияның зейнетақысы үшеуінің күнкөріс көзі. Әрине, жетпейді. Дегенмен, «құм жеп отқанымыз жоқ», -дейді ақсақал. Сексен мың теңге. Бір жағынан, қария үшін аз ақша емес. Өзі ғана жұмсаса. Ал үш бірдей адамды асырауға жеткіліксіз. Отбасының тұрмысы - жұқалау, ақсақалдың зейнетақысы тамақтарынан артылмайды. Десе де, ақсақал шүкіршілік етеді. Кейде жартылай тойса да, көнілім тоқ дейді. Өйткені өзінен де нашар тұратын, күнін көре алмай отырған отбасылары бар екенін біледі. Олардың қасында жағдайы жақсы, өйткені тұрақты зейнетақысы бар. Және аздап болса да, уақыт аралатып көбейіп тұрады. Көп жылдар бойы қара жұмыс жасап, бейнетті белден кешкен Октябрь ақсақал үшін бұл нағыз зейнет.

Октябрь  Тәжімбетов, зейнеткер:

Қазір тамақ жөні болсын, қай жағдай болсын барлығы қымбатшылықта болып жатыр. Біріне жетіп, біріне жетіңкіремейді. Соның өзіне  әйтеуір көңіліміз тоқ. Қосылып жатқан ақшаға әйтеуір аптекаға барып дәрі-дәрмек аламыз, дәрілерімізді де алайық десек барлығы қымбат. Базарымызға барғанда азық-түлік болсын, осы жағдайда бәрі де қымбат. Мысалы, картошкаң кеше 250 теңге болды, бір килограмы. Үйімде ешкім – балам, қызым жұмыс істемейді. 

Шілдеден бастап Октябрь ақсақал тоқсан мың теңгеге жуық зейнетақы ала бастайды. Бір қап ұнды артық ала алады. Бір тостақ болса да, дастарқанында жеміс-жидек те пайда болмақ. Қызының жоғын түгендейді. Десе де...Қызылордадан екі жарым-үш сағаттық жерде орналасқан Байқоңырдағы кейбір ағайынның жағдайы, әрине, тәуірлеу. Қазақстан азаматы болып, қазақстандық мекемеден зейнетке шықса да, бастысы – сол қалада тұрақты тіркеуде болса, байқоңырлықтар зейнетақысын Ресей бюджетінен алады. Ол жақтан зейнетақы алу «мәртебе» емес, «үлкен несібе» деген қазақстандықтар, отандастарынан 40, 50 пайыз артық қаражат алады екен. Әрине, қайталап айтамын, Байқоңырда тұрақты тіркеуі болса. Ондайлар өте аз. Ал төлқұжатында «ресей азаматы» деп жазылған қариялар зейнетақысына қоса, біраз жеңілдіктерге ие.

Талғат Жүсіп, Қазақстан ғарыш саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы:

Ресейлік бюджет бұл тұрғыдан өте жомарт. Мысалы, орташа зейнетақы бізде 25 мың теңгені құраса, оларда 50 мың теңге немесе одан да жоғары болады. Оларда жеңілдіктер жеткілікті. Қалалық бюджеттен жол ақыларына ай сайын 15-20 мың теңге беріліп тұрады. Байқоңыр қаласының ардагерлеріне 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Әрине, Ресей азаматтарына. Мысалы, телефон ақысын төлеуге. Ал Қазақстан азаматы осы Байқоңыр қаласының немесе кешенінің ардагері болса да. ондай жеңілдіктерге ие емес.

Зейнетақыны жыл сайын өсіргенімен Үкімет әлі де болса көмек түрлерін көбейтсе, деген Октябрь ақсақал «пенсиямды бір айға қалай жеткізем» деп үнемі уайымда жүргісі келмейді. Бірақ жағдайы жақсырақ көрші ресейлік зейнеткерлерге қарап, терең күрсінбейді – оларда жастар қарияларын аса құрметтемейді деп есептейді. Ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайтындар көп деп. Ал «арбаға» мінгескен өз балаларын қалай түсіріп кетеді, бастысы олардың «беттен алып, төске шаппағандары». Сондықтан барға  қанағат қылады. Аузынан «шүкірі» түспейді.

Шарипа Сақтапова, Қайрат Рабаев «Біздің уақыт».