Игі іс жасаймын деп айыппұл арқалады. СҚО-да бөгетті нығайтуға көмектескен 10 жастағы баланың ата-анасы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін әлеуметтік желіде квадроциклмен құм салынған қаптарды тасыған жеткіншектің бейнежазбасы тарап кеткен. Құзырлы орган қауіпті аймақта техника басқарған оқушының ата-анасы заңды бұзды деп санап, оларға 196 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Полиция әкімшілік жаза тағайындаудың мақсаты – жазалау емес, қайғылы жағдайдың алдын алу деп түсініктеме берді.
«Әрекеттер, ең алдымен, заңға қайшы және сонымен қатар баланың да, басқа адамдардың да өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Бұл орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Бөгетте арнайы техника, полиция, құтқарушылар және әскери қызметкерлер жұмылдырылған. Бұл қауіп жоғары аймақ», – деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин.