Сағатыңды ұрлап, тағатыңды тауысады. Елорда тұрғындарын шегі жоқ кептеліс әбден мезі етті. Мәселенің өзекті екенін, шұғыл шаралар мен шешімдер қабылдануы керегін Мемлекет басшысы жыл басында айтты. Бірақ тапсырма кері бағытта орындалып жатыр.
АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:
Бізде жол жөндеу мен бояу жұмыстары күндіз-түні жүргізіле береді. Тіпті жолды толық жауып тастайды. Салдарынан кептеліс күшейіп, қозғалыс қиындайды. 5 минутта жететін жерге сағаттап әрең барасың.
Күн-түні тоқтамайтын жұмысқа тұрғындар наразы. Асфальтты қазір бояп, қазір алып тастайды. Бұл бір жағынан қаржылай шығын, екіншіден үлкен кептеліс туғызады. Көнбеске амалымыз жоқ дейді жұрт.
БЛИЦ:
- Оны Үкімет біледі ғой, біз не шешеміз? Қиын ғой енді, бүкіл көше жабық өзі.
- Қазір жол істеп жатқан Ұлы даланың бойында пробка деген өте көп. 1 сағат - 1 жарым сағаттан аса тұрасың.
- Ұлы дала - Мега, мен жүрдім почти 30 минут. А хотя занимает 5 минут. За рубежом ночью делают.
Иә, шетелде тәжірибе басқаша. Мәселен АҚШ-та жолды жөндеу-бояу жұмыстары түнде жүргізіледі. Ал Еуропа елдерінде қозғалыс аз кезде ғана жұмыс басталады. Кейде тек кешкі не түнгі уақытта рұқсат беріледі. Канада мен Финляндия ондайда жолдың бір жолағын ғана уақытша жауып, қозғалысты тоқтатпайды.
Жөндеу жұмыстары жолда қауіпті шұңқырлар пайда болған соң басталды. Қауіпсіздік үшін уақытша бояулар мен таңбалар қолданылады. Бұл жұмыстар қала бюджетінен емес, мердігердің қаражатынан жүргізілген.
АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ КӨЛІК ЖӘНЕ ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ:
Биыл жолдарды салу және жөндеу көлемі ұлғайды. Климаттық ауа-райын ескере отырып, елордада жол жұмыстарының маусымы қысқа екенін атап өтеміз. Сондықтан жұмыстар бірден бірнеше көшеде жүргізіледі, бұл ретте жол қозғалысы ескеріледі. Қысқа мерзімдерге, сондай-ақ жол белгілерін қою бойынша жұмыстардың үлкен көлеміне байланысты күндіз де, түнде де жүргізіледі.
Демек жолды жөндеудің уақытына қойылатын бізде талап жоқ, бірақ мерзіміне бақылау қатты. Алайда жұмысты тез бітіру керек деп жолаушыны жолдан қалдыруға, кептелістің деңгейін шектік баллға жеткізуге болмайды.