Астанада маса мен шыбын-шіркейдің маусымы басталды. Күн ысымай-ақ зиянкестер жұртшылықтың мазасын алып барады. Қансорғыштар көшеде емін-еркін қыдыруға кедергісін келтіріп жатыр. Елордада зиянды қанаттыларға қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды. Масаны улауға тілшіміз де барды.
Жылдан жылға жаһандық жылынудың әсерінен бе, әйтеуір Астанаға көктем ерте келетін болған. Күн жылыды деп қуанғанмен елордалықтарды масаның ызыңы мазалап барады. Саябақтар мен аллеяларда жайма-шуақ қыдыру мүмкін емес. Тіпті терезе ашудың өзі мұңға айналған.
БЛИЦ:
- Масалары үлкен болады, шағады, киімнің сыртынан шаға береді.
- Саябаққа бірінші рет келіп отырмын, қыстан бері. Масаны жаңа ғана көрдім, күндіз.
Жұрттың жынына тиген қансорғыштарды улау жұмыстары 23 сәуірде басталған. Зиянкестерге қарсы шара қазан айына дейін жалғасады. Қазір қала ортасындағы саябақтар мен су тоғандарына препарат себіліп жатыр.
АЗАТ ТҰРАПБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Бірінші су, майда су, су қоймалары өңделеді. Одан кейін қаланың іші өңделеді. Яғни, қаланың ортасынан бастап, сыртқы қарай барьер орнату арқылы жасалынатын жұмыс.
Қазір масаға қарсы Ресей мен Қытай елінің препараттары қолданылуда. Былтыр олардың қатарында үндістандық дәрі де болған. Алайда үнді елінің препараты зиянды қанаттыларды жоюға әлі келмейтіні анықталған.
АЛТЫНБЕК МЕРТАСОВ, "СТОЛИЧНАЯ ДЕЗИНФЕКЦИЯ" ЖШС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Масалар экожүйенің бөлшегі екенін ұмытпау керек. Маса да басқа жәндіктердің жемі. Сондықтан оны түгел жойып жіберуге болмайды. Жалпы саябақта жүрген адамға күніне 5-6 маса қонса, бұл қалыпты жағдай. Біз масаны түгел жоюды емес, оның санын азайтуды көздейміз.
Қазір қалада масаны улауға 10 бригада, яғни 100-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Масаға қарсы улау жұмыстары түнгі 11-де басталып, таңғы 3-ке дейін жалғасады.