Орал қаласындағы жылу қуат орталығында бүгін жаңа бу турбинасы іске қосылды. Жаңа қондырғы жылына 1 миллион киловат электр қуатын өндіреді. Осылайша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы тапсырмасы орындалып жатыр.
Оралдағы жылу қуат орталығында бұған дейін 46 МВт электр энергиясы өндірілсе, енді бұл көрсеткіш 58 МВт-қа жетті. Мамандардың айтуынша, соңғы он жылда өңірде электр қуатын тұтыну қарқыны 30% көбейген. Толықтай жаңғыртылған №1 бу турбинасының арқасында осыған қол жетіп отыр. 1960 жылы салынған ескі агрегатты жаңартуға 3 млрд 288 миллион теңге жұмсалыпты.
ТАУҒАЗЫ ӘБДІҚҰЛОВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ БАСШЫСЫ:
Өте мықты, автоматикасы жағынан жаңалықтары көп. Бәрі автоматикамен шешіледі. Бір оператор отырады, қарайды. Защита жағы да өте мықты. Любой ситуацияны өзі қарап тұрады, өзі өшіреді, өзі қосады мына турбинаны.
Облыста жылу-энергетика саласын жаңғырту бойынша 32 жобадан тұратын ауқымды жол картасы жасақталыпты. Осы жоспарға сай, ең алдымен қала іргесіндегі екі қазандық, екі жылу магистралі және жылу электр орталығындағы №3 турбоагрегат жаңартылады. Бұған қоса осыдан 20 жыл бұрын жапондықтар салған газтурбина да жөнделіп жатыр.
НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Тозған құрал-жабдықтарды жөндеу, жаңағы турбиналарды ауыстыруды 2035 жылға дейін жоспар қойдық. Сол бүкіл осы ТЭЦ-тің ішін жаңалап шығуымыз керек.
Облыстағы 20 мың шақырым электр желісінің 79% тозығы жетіпті. Өңір басшысының айтуынша, енді осы саланы жаңғыртуға күш салынады. Соңғы 2 жылда жылу-энергетика саласын жаңғыртуға 15,6 млрд.теңге жұмсалыпты.