$538.89 €629.53 ₽6.34
×

Қазақстан дипломатиясына 25 жыл!

AstanaTV
01.07.2017ж. 20:00
Қазақстан дипломатиясына 25 жыл!

Жаңа Қазақстанның дипломатиясына 25 жыл. Әлемнің 130 елімен құрылған дипломатиялық қарым-қатынастың қандай еңбекпен келгенін жалпы бағамдағанның өзінде «тамшыдан жиналған теңіздей» екенін түйсінесің. Оған бірнеше алып мемлекеттің, ядролық державалардың біздің аймақтағы мүдде тартысын қосыңыз. Сонымен бірге елімізге қомақты көлемде инвестициялар қажет етін. «Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» – сыртқы саясатқа дәл келеді. Президенттің столдың екінші басындағыларды шебер келістіре алатынының, сондай қасиетініңарқасында еліміздің дипломатиясы жоғары деңгейде дамығынан кәсіби дипломат Қ.Тоқаев ылғи айтады. Дипломат, дипломатия туралы тамаша афоризмдер көп, мысалы – дипломатия алдағы жүз жылда өмір сүру мәселесі, саясат – алдағы жұмаға дейінгі мәселе. Егер дипломат «иә» десе, бұл «мүмкін» дегенді білдіреді, егер ол «мүмкін» десе, ол «жоқ» дегені,бірақ «жоқ» дейтін дипломат, дипломат емес. Дипломатиялық қызметтің 25 жылдығына орай Ләйлә Қазияқпарованың материалы. 

Ширек ғасыр өтсе де, Акмарал Арыстанбекова еліміздің дүниежүзі елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орната бастаған жылдарын кешегі күндей еске алады. Қазақ ССР-ң бірінші сыртқы істер министрі, мемлекетіміздің біртіндеп қалыптасқан имиджі жайында сыр шертті. Дипломатиялық қызметтің қазығын қағу өте күрделі болғанынан айтты.

Ақмарал Арыстанбекова, Қазақ  ССР Сыртқы істер министрі: (1989-91ж.)

Іс бастау қашан да қиын. Дипломатия бұл өнер, әрі ғылым.Көндіре білу, сенім қалыптастыра білу, жүрек жаулап, дос ете білу өнері. Мемлекетіңнің қажеттіліктерін жеткізіп, түсіндіре білу асқан шеберлікті, біліктілікті қажет етеді.

Еліміз тәуелсіздік алып, барлық істі, оның ішінде дипломатиялық қызметті жаңадан бастағанда «ешқандай база болмады» деуге әсте болмайды. Ел мен елді жақындастыра  алу қабілеті бар елшілердің бірі Төлеутай Сүлейменов етін. 90-шы жылдары АҚШ-та елші болған ол, мемлекетіміздің дүниедегі алып державамен жан-жақты байланыс орнатуына бар күшін салған.

Төлеутай Сүлейменов, Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі: (1994-1996 ж.)

Қашан да бастысы еліміздің мойындалуы. Саясат, экономика өзге де критерийлер бойынша мемлекетіміз алдыңғы қатарда болса. Барлық процестерге қатысып, беделді ел болсақ.

Бедел демекші, бірнеше күннен кейін Астанада Сирия қатығысын реттеу бойынша кезекті келіссөздер өтеді. Еліміздің Иранға байланысты келіссөздерге де септескені есте. Десе де, саяси аренада салмақ жинауға үлес қосып жүрген дипломаттар қарапайым адамдар екенін ұмытпағанымыз жөн. Ел мүддесін қорғау үшін олар көп ізденіп, ішкі толқуларымен де күреседі.

Владимир Матич, Сербияның Қазақстандағы елшісі:

Шындығында дипломаттар қарапайым адамдар. Өздеріңіз сияқты. Мамандығымыз қиын. Шет елде мемлекетіңді өзің таныстырасың. Сәйкесінше білімің болуы керк. Жауапкершілік жүгі те өте ауыр. Әр адамның жеке қабілеті әр басқа ғой.

Біздегі шетелдік дипломаттар да өздеріне тиесілі қызметтерін атқарып жүрген профессионалдар. Кездесулер, келіссөздер, отырыстар. Арасында өзімізге де уақыт табылады, дейді кейбірі. Мәселен, АҚШ-тың еліміздегі дипмиссия басшысының орынбасары арагідік мәдени шараларға қатысатынын айтып қалды.

Джон Марк Поммершайм, АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссия басшысының орынбасары:

Жұбайым хоббиің тым көп деп ашуланады. Жастайымнан велосипед тебемін. Астанада ол үшін барлық жағдай жасалған. Театр, көрмелерге де барып тұрамыз.

Орайы келгенде дипломаттың жарымен де сұхбаттастық. Бізді қызықтырған сұрақ: оның қарапайым әйелден айырмашылығы.

Наталья Поммершайм,  АҚШ азаматы:

– Өте дұрыс сұрақ…. Дипломаттың әйелі болуы оңай шаруа емес. Икемді, шыдамды болуың керек. 2 жылдан соң жаңа елге көшетініңді білгенде, сол елдің мәдениетін түсініп, тілін ұғуға міндеттісің. Сол жерге орнығып, жаңа достар тауып, жаңа мектеп іздейсің. Қысқасы, ортаға сіңісу керек. Мен ұстаз болғандықтан, өзіме  жұмысты оңай таба аламын. Ал, тележүргізуші, адвокат ханымдар әр уақытта кәсібін жалғастыра алмайды. Соған шыдамай жатқандары да бар.

Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде мемлекетіміздің 70-тен астам елшілігі бар. Бірақ дипломаттар қатары көп емес. Бар болғаны 1200-дей адам. Сыртқы істер министрлігі берген мәлімет осы.

Ермұхамед Ертісбаев, Қазақстанның Грузиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

Президент жеткен айқын жетістіктердің бірі - мықты дипломатиялық корпустың құрылуы. Осының арқасында елді, Елбасының саясатын сыртта аса құрметтейді.

25 жыл ішінде мемлекет халықаралық қатынастағы саяси әрекет тұрғысынан үлкен жетістіктерге жетті. Мәселен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше атанды. Дүниежүзі сауда ұйымына, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына өтіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрушылардың бірі ретінде ілкі бастамалар көтеріп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Басқа мемлекеттермен тең дәрежеде сөйлесіп, барыс-келiс жасау мүмкiндiгiн арттыру үшін дипломаттар көп тер төгеді. Өйткені аса жауапты жұмыста жаңылысуға болмайды. 

Ләйла Қазияқпарова, Анар Сүйінбаева «Біздің уақыт».