Астанада Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге дайындық аясында 3, 4 және 7 мамыр күндері жол қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елорда әкімдігінің ресми сайты өзгеріс жайлы ресми ақпарат жариялады.
- 3 мамырда таңғы 5:00-ден 6:30-ға дейін әскери техника Ақжол – Қошқарбаев – Момышұлы – Тәуелсіздік даңғылдары арқылы жаттығу орнына қарай өтеді.
- 6:30-дан 8:00-ге дейін осы бағыттар арқылы парадқа қатысатын жеке құрам тасымалданады.
- 5:00-ден 13:00-ге дейін Тәуелсіздік даңғылы (Момышұлы мен Панфилов аралығы), сондай-ақ Ақыртас, Қалдаяқов, Қошқарбаев көшелерінде көлік қозғалысы шектеледі. Бұл техникалардың уақытша тұрағына байланысты.
-5:00-ден 14:00-ге дейін Қ.Қуанышбаев театры алдындағы тұрақ пен Қуанышбаев, Нәжімеденов, Байтұрсынов, Нұрмағанбетов көшелерінде жолдар жабылып, жеке құрам тасымалдайтын автобустар орналастырылады.
- 12:30-дан 14:00-ге дейін техникалар мен автобустар Нұрмағанбетов – Қошқарбаев – Ақжол – А-334 бағытымен қайтып оралады.
- 4 мамырда да қозғалыс шектеулері дәл осы тәртіппен қайталанады.
Әкімдік жаяу жүргіншілерге де шектеулер енгізілуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Кейбір өткелдер уақытша жабылып, бағыттар өзгереді. Сонымен қатар, әскери техниканың қауіпсіз қозғалысы үшін бағдаршам конструкциялары уақытша бұрылады.
Қоғамдық көлік те бұл күндері өзгеріске ұшырайды. 3, 4 және 7 мамырда мына бағыттардың қозғалыс сызбасы өзгереді:
№ 3, 4, 4А, 14, 15, 15А, 19, 21, 29, 29А, 30, 32, 40, 43, 47, 50, 51, 55А, 55Б, 56, 57, 58, 61, 62, 66, 84, 121, 502, 504.
Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтардан уақытша белгіленген бағыттарға назар аударып, қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.