Қазақстанда есірткі арнасын ұйымдастырған адам ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, есірткі интернет арқылы сатылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана және Алматы бойынша ҰҚК департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен синтетикалық есірткіні елге жеткізудің халықаралық арнасының жолын кесті.
"Қабылданған шаралардың нәтижесінде есірткі арнасын ұйымдастырған адам қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Алматы облысы бойынша ҰҚКД жедел қызметкерлері прокуратураның көмегімен есірткінің ірі партиясы бар қойманы тапты.
"Қазақстанның азаматы есірткі затын сақтады деген күдікпен ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Алдын ала мәліметтер бойынша, есірткі аймақта жұмыс істейтін ірі есірткі дүкенінің мүддесі үшін интернет арқылы сатылған", - делінген хабарламада.
Осы іс-шаралардың нәтижесінде 18 келі психотроптық заттар мен 500 литрден астам прекурсорлар тәркіленді.
Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.