$516.16 €584.86 ₽6.25
×

Астанадағы әскери парадты қайдан тамашалауға болады

AstanaTV
03.05.2025ж. 14:55
150
Астанадағы әскери парадты қайдан тамашалауға болады
Фото: Қорғаныс министрлігі

Астанада Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне арналған әскери парадқа қызу дайындық жүріп жатыр. Бұл шара 2025 жылдың басты оқиғаларының бірі болмақ. Мерекелік шеру 7 мамырда Астанадағы Тәуелсіздік алаңында өтеді, деп хабарлайды Astana TV.

Салтанатты іс-шараға 4 000-нан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника, сондай-ақ майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшағы мен тікұшағы қатысады. 

Қазақстан Қарулы күштерінің күш-қуатын айшықтайтын салтанатты шеру республикалық телеарналардан, еліміздің барлық қаласында LED-экрандардан, Қорғаныс министрлігінің ресми YouTube-арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. 

Шеру өтетін жерде қауіпсіздік пен бақылау күшейтіледі. Шеруге Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, соғыс іс-қимылдарының ардагерлері, ҚР Қарулы Күштері үздік бөлімшелерінің, құрметті қарауыл ротасының, ҚР Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери құқық қорғау органдарының және т.б. ардагерлері шақырылды.

Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қаладағы үш орыннан тікелей трансляция ұйымдастырылады:

1. ЕХРО аумағы (Түркістан және Ақмешіт көшелері жағынан кіру);

2. Қалалық алаң (Астана қаласы әкімдігі ғимаратының алдында);

3. Б. Момышұлы даңғылы, 1 мекенжайындағы «Astana Music Hall» тұрақ аумағы (Құмыра).

Шеру аяқталғаннан кейін сағат 12:00-ден 15:00-ге дейін осы үш алаңда эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

Сонымен қатар, іс-шара республикалық телеарналардан тікелей эфир арқылы көрсетіледі.

Мына өзгерістерге назар аудару қажет:

* Шеру өтетін ауданда көлік қозғалысы шектеледі.

* Қозғалыс бағытыңызды алдын ала жоспарлап, өзгерістерді ескеру қажет.

* Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қауіпсіздік ережелері мен нұсқауларын сақтауды сұраймыз.

* Аталған учаскелер арқылы өту және жол жүру іс-шаралар толықтай аяқталғаннан кейін қайта жанданады.