Депутат Асхат Аймағамбетов Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы ұсыныс жолдап, 50 жастан асқан әйелдерге остеопорозға скрининг енгізу керек екенін айтқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Остеопороз - тым кеш еске алатын дерт. Күнделікті әңгімеде де бұл тақырып көп қозғалмайды. Бірақ шын мәнінде бұл ауру 50 жастан асқан миллиондаған әйелдің өміріне кері әсер етіп отыр. Остеопороз - жай ғана сүйектің әлсіздігі емес. Ол аяқ-қолдың сынуы, операциялар, ұзақ оңалту кезеңі. Кейде адам тіпті жүріп-тұру мүмкіндігін жоғалтып, өзге біреудің көмегіне тәуелді болып қалады, - дейді мәжілісмен.
ДДСҰ деректері бойынша, 50 жастан асқан әрбір үшінші әйелдің сүйегі остеопороз салдарынан сынады. The Guardian басылымы Ұлыбританияда әрбір екінші әйел осы дерттің салдарымен бетпе-бет келетінін жазады. Жапония, Корея, Франция, Швеция секілді елдерде бұл мәселе әлдеқашан ескерілген, яғни остеопорозға скрининг ұлттық денсаулық сақтау бағдарламасына кіргізіп қойған.
Ал Қазақстанда, өкінішке қарай, бұл тақырып әлі де назардан тыс қалып отыр. Сондықтан біз Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы ұсыныс жолдадық: 50 жастан асқан әйелдерге остеопорозға скрининг енгізу керек деп. Бұл жай қағаз жүзіндегі шешім емес. Бұл дегеніміз аналарымыздың, әжелеріміздің, мұғалімдер мен дәрігерлердің - өмірін өзгеге арнаған әйелдердің денсаулығы туралы. Анаңызбен, әжеңізбен осы тақырыпта сөйлесіп көріңіз. Уақыт өткізіп алмай, бірге тексеруден өтіңіз. Ал біз болсақ, бұл скринингті ұлттық серининг тізіміне енгізу үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігі бұл ұсынысты қолдайды деп үміттенеміз, - деп жазды Асхат Аймағамбетов telegram арнасында.