Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері үш айлық қыз баланың миынан алып ісікті микрохирургиялық әдіспен сәтті алып тастады. Бұл – ең күрделі нейрохирургиялық операциялардың бірі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сәбидің анасының айтуынша, қыз бала мерзімінде дүниеге келген және алғашқы аптада ешқандай ауытқу байқалмаған. Алайда екі айға толар шақта нәрестеде жиі құсу, тамақтан бас тарту, терісінің түсінің өзгеруі және мазасыздық сияқты белгілер пайда бола бастаған.
Педиатр мен невропатологтың кеңесінен кейін УДЗ тексеруі самай мен шүйде тұсында сұйықтыққа толы түзілісті анықтаған. Компьютерлік томография оның ісік екенін растады, ал МРТ оның нақты көлемі мен орналасқан жерін көрсетті — 5,6 × 4,2 см болатын ісік мидың аса маңызды функционалдық аймақтарында орналасқан.
Нәтижесінде еліміздің жетекші нейрохирург мамандары қатысқан консилиум шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдады. Қыз бала дереу балалар нейрохирургиясы бөлімшесіне жатқызылды.
Ота бөлімінің меңгерушісі операцияның аса күрделі болғанын айтты. Себебі ісік мидың жартысына жуығын алып жатқан және қан жоғалту қаупі жоғары болған. Алайда дәрігерлер тобының үйлесімді жұмысының, заманауи жабдық пен озық әдістемелердің арқасында операция сәтті өтті.
Ісікті микрохирургиялық әдіспен алып тастадық. Қазір қыз баланың жағдайы жақсы, құсу тоқтап, жалпы жағдайы жақсарды», — деді дәрігер.
Сәбидің анасы барлық қауіп-қатерге қарамастан, үмітін үзбегенін айтады.
«Мен барлық жағдайға дайын болдым. Бірақ ғажайып болды — қызым аман қалды, қазір жағдайы жақсы. Барлық дәрігерлерге, әсіресе Дмитрий Андреевич Сурдинге және бүкіл медициналық ұжымға алғысым шексіз. Қызымды аман алып қалғандарыңыз үшін рақмет!»— деп бөлісті анасы.