$516.16 €584.86 ₽6.25
×

Қазақстандық әскерилер Мәскеудегі парадқа қатысады

AstanaTV
05.05.2025ж. 10:06
161
Қазақстандық әскерилер Мәскеудегі парадқа қатысады

Қорғаныс министрлігі қазақстандық әскери қызметкерлер Мәскеуде Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, Мәскеудегі Қызыл алаңда өтетін парадта Қазақстанның 37-десанттық-шабуылдаушы бригадасының Панфилов атындағы салтанатты тобы сап түзеп өтпек. Әскерилер Ресейге келіп те үлгерді. Олар Волоколамск қаласындағы панфиловшылар музейіне барып, Нелидово ауылындағы бауырластар зиратына жерленген жауынгерлер рухына тағзым етті.

Мерекелік шараға президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады. Бұған дейін мемлекет басшысы елімізде Жеңіс күніне арналған шаралар 7 және 8 мамыр күндері өтетінін, содан кейін Мәскеуге баратынын айтқан еді.

"Ішкі шаралар аяқталғаннан кейін мен Мәскеуге жұмыс сапарымен барамын", – деді Тоқаев.

Сонымен қатар парадқа Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшылары да қатысады. 2023 және 2024 жылдары да Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі парадтарға барған еді.