Испанияның Овьедо қаласында полиция балаларға қатыгездік көрсеткен деген күдікпен ерлі-зайыптыны қамауға алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы жергілікті La Nueva España басылымы хабарлады.
Тергеу мәліметінше, 53 жастағы неміс философия профессоры Кристиан Штеффен және оның 48 жастағы әйелі, неміс азаматшасы әрі АҚШ тумасы Мелисса Энн өздерінің үш баласын – 10 жастағы ұл мен 8 жастағы егіздерді – төрт жылға жуық уақыт бойы үйде қамап ұстаған. Испаниялық БАҚ бұл оқиғаны «Овьедодағы қорқынышты үй» деп атады.
Тергеуге сәйкес, ата-аналар бұл әрекетін коронавирус инфекциясынан сақтанумен байланыстырып, балалардың денсаулығына алаңдағандарын айтқан.
Балалардың үйде қамалғанын алғаш болып көрші әйел байқаған. Ол үйден балалардың дауысын естігенімен, сыртқа шыққан ешкімді көрмеген. Осыдан кейін полиция бақылау орнатып, үй тұрғындарының көп жылдан бері сыртқа шықпағанын анықтаған.
Тексеру барысында үйдің терезелері толық жабылғаны, тамақты тек жеткізу қызметі арқылы алдырғаны белгілі болды. Балалар мектепке бармаған, көп жағдайда бірнеше медициналық маска киіп, жөргекпен жүрген.
Дәрігерлік тексеріс кезінде бір баланың ауыр іш қатудан зардап шеккені анықталды. Себебі ата-анасы дәретханаға бару уақытына қатаң шектеу қойған. Сонымен қатар, балаларға медициналық каннабиске негізделген препараттар берілгені расталды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, балалар аш қалмағанымен, лас күйде болған және қоғаммен байланысы мүлде үзілген. Балаларға тек сурет салуға рұқсат етілген. Тінту кезінде олардың төсектерінен әртүрлі құбыжықтардың суреттері табылған. Қазір ерлі-зайыптылар қамауға алынды. Оларға ата-ана құқығынан айыру және балаларға қатыгездік көрсету бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Балалар әлеуметтік қызметкерлердің қамқорлығына беріліп, олармен психолог мамандар жұмыс істеуде.