$518.53 €588.17 ₽6.39
×

Мүмкіндігі шектеулі азаматты қайыр сұрауға мәжбүрлеген 4 адам ұсталды

AstanaTV
05.05.2025ж. 18:00
70
Мүмкіндігі шектеулі азаматты қайыр сұрауға мәжбүрлеген 4 адам ұсталды

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі азаматты қайыр сұрауға мәжбүрлеген 4 адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар аяқ-қолы жоқ тұрғынды қаланың әр бұрышында қысы-жазы тұруға мәжбүрлеп, тапқан табысын тартып алып отырған. Мәлім болғандай, күніне 20 мен 40 мың теңге аралығында пайда көрген олар мұндай әрекетті жылдар бойы кәсіпке айналдырып алған. Сотта айыпталушылардың бірінің есірткі саудасына қатысы бары да жария болды.

 «Жәбірленуші мен оның отбасына гуманитарлық көмек көрсетілуі керек. Әрі жан-жақты қолдау білдіріп, құқықтық көмек беруді ұйымдастыру аса қажет. Құжаттарды қалпына келтіру бойынша да тиісті шара қабылдаған жөн», – деді қоғамдық қордың өкілі Сәуле Әубәкірова.

Қоса кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде аталған жайтқа қатысты қауесет тарап үлгерген. Тұрғындар таратқан ақпарда «мүгедектігі бар азаматты біреулер өлтіріп кетті» делінген. Сот отырысында мұның шындыққа жанаспайтыны айтылып, азаматтың тірі екені жарияланды.

 «Мүмкіндігі шектеулі азаматқа қатысты жүргізілген сараптаманың қорытындысына сәйкес, оның сотта жауап бере алмайтындығы мәлім болды. Дегенмен оның мүддесін қорғайтын адвокат бар. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 76-бабына сәйкес, бұл жағдайда іс бойынша міндетті түрде заңды өкілдің қатысуы керек екенін естеріңізге саламын», – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттың судьясы Галина Жилина.