Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламды қарсы алды
Сапар аясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өтеді. Сондай-ақ бірқатар маңызды құжатқа қол қою жоспарланған.
Қазақстан мен Вьетнам басшылары елорда әуежайында аз-кем әңгімелесті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Құрметті То Лам мырза, еліміздің астанасына қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыздың тарихи маңызы зор және Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ықпалдастықты кең ауқымда дамытуға тың серпін береді деп санаймын. Сіздің еліңізге жасаған сапардан үлкен әсермен оралдым. Вьетнаммен түрлі бағыттағы байланысты жан-жақты нығайту тұрғысынан жұмысты жалғастыру қажет деген ойға келдім. Екі ел ынтымақтастығының әлеуеті мол.
Вьетнам Коммунистік партиясы ОК Бас хатшысы То Лам:
– Қадірлі Президент мырза, Сізге және Қазақстан халқына шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Ұшақ трапынан қарсы алғаныңыз – біз үшін зор мәртебе. Бұл асқан қонақжайлылықтың және бізге көрсетілген құрметтің белгісі. Қазақстан мен Вьетнамды тамыры терең достық қарым-қатынас байланыстырады.