"Армиямыз кез келген сәтте өз міндетін орындауға сақадай сай тұруы тиіс". Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградаларды табыстау рәсімінде осылай деді. Бүгінде әскеріміз озық қару-жарақпен, техникалармен жарақтанып жатыр. Ал сарбаздарымыз түрлі халықаралық додаларда топ жарып жүр. Бұл олардың жауынгерлік машығы жоғары деңгейде екенін айғақтайды.
Қазақ – болмысынан жаужүрек халық. Батыр бабаларымыз кең-байтақ жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғады. Бүгінде сол ерлік дәстүрі атадан балаға жалғасып келеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:
Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Адамзат тарихындағы осындай сұрапыл соғыс барша елдер үшін үлкен сынақ болғаны сөзсіз. Майданға бір миллион екі жүз мыңнан астам азаматымыз аттанды. Олардың жартысы ұрыс даласынан оралған жоқ. Тыл еңбеккерлері күн-түн демей тер төкті. Осылайша, халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты.
Бүгінде Қарулы Күштер еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын, Құқық қорғау органдары қоғам тыныштығын, ал арнаулы қызметтер ұлттық қауіпсіздікті қас қақпай күзетіп тұр. Құтқарушылар ел-жұрттың амандығы үшін аянбай еңбек етуде.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:
Былтыр біз Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын алғаш рет дербес орындауға кірістік. Бұл қадам халықаралық қауымдастықтың Қазақстан армиясына сенімі жоғары екенін көрсетеді. Біз – бейбіт мемлекетпіз. Барлық елмен достық қатынас орнаттық. Даулы мәселенің бәрін саяси диалог арқылы шешу керек деп санаймыз.
Дегенмен, арқаны кеңге жайып, қамсыз отыруға болмайды. Армиямыз кез келген сәтте өз міндетін орындауға сақадай сай тұруы тиіс. Осы мақсатта Қарулы Күштердің әлеуетін нығайтуға айрықша мән беріліп отыр. Әскеріміз ең озық қарумен және техникамен жарақтандырылып жатыр. Қорғаныс өнеркәсібі кешені дамып келеді. Жаңа гарнизондар, әскери қалашықтар мен заставалар салынуда. Бұл сарбаздардың әзірлігі мен жауынгерлік машығын шыңдауға мүмкіндік береді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:
Әскерилер, арнаулы және құқық қорғау, азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қамтылған. Оларды мемлекет әрқашан қолдайды. Ел қауіпсіздігі мен шекарасын қас қақпай күзету, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету – жауапты әрі қастерлі міндет. Мұны тек кәсіби деңгейі жоғары, ант пен борышқа адал, ел үшін аянып қалмайтын батыл жандар ғана атқара алады. Сондықтан әскерилер, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлері өскелең ұрпақ пен барша халқымыз үшін Отанға адал қызмет етудің үлгісі болуға тиіс.
Жиын соңында Мемлекет басшысы әскери қызметшілерге, құтқарушылар мен күштік құрылым қызметкерлеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, сондай-ақ жоғары мемлекеттік наградалар табыс етті.
СЕРІК БОРАМБАЕВ, ҚР ӘСКЕРИ ТЕҢІЗ КҮШТЕРІ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:
Бүгін Отан қорғаушылар күніне орай, Ұлы жеңіс күніне орай Ақордаға келіп Жоғары Бас қолбасшының қолынанВице-адмирал шенін алып жатырмын. Бұл үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Әскери теңіз күштері алдына қойған тапсырманы орындауға әрдайым дайын.
АЙНАГҮЛ КӘРІПОВА, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ ҚЫЗМЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Құқық қорғау саласында жұмыс істеп жүргеніме 25 жылға жуықтады. Еңбегім еленіп жатқанына өте қуаныштымын.
Отан қорғау - әр азаматтың борышы, перзенттік парызы. Мереке қарсаңында марапатталған әрбір әскери қызметкер елдігіміздің берік қалқаны.