Жеңістің 80 жылдығына орай Астана қаласының басты көшелерінің бірінде соғыс ардагері Нәжікен Қапышевтың құрметіне мемориалды тақта орнатылды. Майдангерге құрмет көрсету бастамасын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қалалық департаменті және ардагерлер кеңесі көтерген. Ұсынысты қала әкімдігі қолдады.
Нәжікен Қапышев небәрі 19 жасында соғысқа аттанған. Оның ұрыс жолы Ржев қаласынан Кенигсбергке дейін жалғасты. Жауынгер майдан даласында 6 рет жарақат алған.
ЕСЕТ БАЙКЕН, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Оның ұрыс даласындағы қайтпас қайсарлығы да, бейбіт өмірге сіңірген еңбегі де біз үшін өлшеусіз мұра. Бүгінгі тыныш таңның, бейбіт аспанның әр сәтінде осындай ер азаматтардың үлесі бар екенін естен шығармауымыз керек.
Қазір соғыс ардагерінің жұбайы Қымбат Ибраева 97 жаста. Ол - тыл еңбеккері. Қан майданды бастан кешкен ерлі-зайыпты 5 ұл-қыз, 8 немере, 20 шөбере тәрбиелеп, өсірген.
АЙЖАН ҚАПЫШЕВА, СОҒЫС АРДАГЕРІНІҢ ҚЫЗЫ:
Біз үшін бұл жағымды жаңалық болды. Шынын айтсақ, алғашқыда сенбедік. Себебі әкеміздің өмірден өткеніне 15 жылдан асты. Кейінгі ұрпақ оның ерлігін еске алып, есімін ел есінде сақтауды, ерлігін дәріптеуді міндеті деп білгендіктен атқарылып жатқан шара бізді қуантты.
НҰРЛАН ҚАЙСАРИН, ҚР ҰҚК ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Соғыста 3 жылдай жүріп бес орден алған. Рядовой болып кетіп, капитан болып келген. Сосын ұлттық қауіпсіздік комитетінде істеп полковник атағын алып пенсияға шыққан.
Шараға қатысушылар соғыс ардагерінің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ майдангердің еңбек жолы, ел үшін атқарған игі ісі сөз болды.