$518.53 €588.17 ₽6.39
×

«Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының жеңімпаздары анықталды

05.05.2025ж. 20:00
201
«Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының жеңімпаздары анықталды

2 күн жалғасып, тартысқа толы болған  «Qaisar»  әскери ойындары аяқталды. Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығында болған бәсеке еліміздің бүкіл өңірінен келген 100 үздік оқушының басын қосты. Нағыз әскерилерден қалыспай, мылтық атып, кедергілерді еңсерген жасөспірімдердің тартысын Еркелді Тілеуқұл көріп келді.

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Құлақтарының түбінде оқ атылып, граната жарылса да, оқушылар селк етпек түгілі, облыстарының намысы үшін алға ұмтылуда. Мына жерден жорғалап өтіп, тура нысананы көздеу керек.


Сайдың тасындай барлық өңірден іріктелген оқушылар әскерилер жаттығатын нормативтерді еш мүдірместен тапсырды. Жарыстың екінші күні, 10-ы сынып балалары жау позициясын анықтап, оған шабуыл жасауды үйрететін геотактика мен кедергілер эстафетасында сынға түсті.   «AMANAT» партиясы, Жастар рухы жастар қанатының бастамасымен іске асырылған жоба 2022 жылдан бері өткізіліп келе жатса да, ұрпақ тәрбиесі үшін аса маңызды құрал екенін көрсетіп үлгерді.

АҚЕРКЕ ИСКАНДИРОВА, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ТӨРАҒАСЫ:

Осы жылы өтіп жатқан Қайсар ойындары ерекше. Себебі, Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай өткізіліп жатыр. Сондықтан, біз бағдарламасын жаңаша және осы уақытқа актуалды түрде жаңарттық. Бұл жерде біз жастардың тек физикалық күшін сынамай, олардың зияткерлігін тексеріп жатырмыз. Президент әрдАйым жастардың 3 қасиеті: еңбек, білім, отансүйгіштік жайлы айтады. Сондықтан, Қайсардың 2 күнінде біз осы 3 бағытты қамтуға тырыстық.


Тартысқа толы болған бәсекеде Қарағанды облысының командасы жеңіске жетті. Жеңімпаздар  командалардың барлығы да осал болмағанын айтады.

ШЕРХАН АХМЕТХАН, САЙЫС ЖЕҢІМПАЗЫ:

Бұл Қайсар әскери-патриоттық ойындарына біз көп дайындалдық десек болады. Айлар кетті. Біз осы жеңісімізді мектебімізге арнаймыз және ағайларымызға.


Екінші орынды Түркістан облысының командасы иеленсе, үздік үштікті Шымкент қаласының командасы қорытындылады. Барлық жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар берілді. Одан бөлек, жекелей номинацияда үздік деп танылған оқушылар да марапатталды.