Трамп кімге салық саларын білмей жүр. Осы жолы АҚШ Президенті шетелде түсірілген киноларға 100 пайыздық тариф енгізбекші. Одан қалды Трамп, тарихта атын қалдырмақ. Ол үшін 62 жыл жабық тұрып, тек туристер қыдырып келген Алькатрас түрмесін қайта ашып, оған мигранттарды тоғыту туралы жарлық шығарды. Америкалық телеарналардың біріне сұхбат берген АҚШ Президенті үшінші рет сайлауға түспеймін, - деп елді тағы бір дүрліктірді. Бір жарым сағаттық сұхбатында елді дүрліктіріп қана қоймай, шошытты да. Гренландияны әскермен басып аламын деп, Канаданы өз құрамына 51-і штат ретінде кіргізуден тайынбайтынын жеткізді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Шетелдік кинолар енді Америкада көрсетілуі үшін салық төлейді. Дональд Трамптың айтуынша, Голливудтық индустрия қарқынын жоғалтып, қаңырап бос қалып бара жатыр. Сондықтан, АҚШ Президенті 100 пайыздық салық салмақ.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
АҚШ киноиндустриясы өлім аузында. Өзге елдер біздің осы саладағы дарынды жандарды тарту үшін ақшаны үйіп-төгіп бөліп жатыр. Голливуд пен тағы бірнеше аймақтар шығынға батуда. Басқа мемлекеттер бұл жұмысты бірлесе істегендіктен, бұл – АҚШ Ұлттық қауіпсіздігі үшін аса қауіпті.
Жабылғанына 62 жыл болған әрі аты қорқынышты аңызға толы болған Алькатрас түрмесі есігін қайта ашады. Тиісті жарлыққа Дональд Трамп қол қойды. Ол түрмеге заңсыз мигранттарды толтырмақ.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз көшелерімізде қанды қылмыс пен зұлымдықты жайып жүрген адамдарды жайдан-жай қалдыра алмаймыз. Сондықтан, мен бүгін Түрмелер бюросына, Әділет министрлігіне, Федералды Тергеу Бюросына және Ішкі Қауіпсіздік Министрлігіне бұйрық бердім. Алькатрас түрмесі жаңартудан өтіп, бұдан да қауіпсіз болады.
Трамп 3-і рет Президенттік сайлауға түсемін деген райынан қайтты. Күні кеше берген сұхбатында Конституцияны сақтаймын деп мәлімдеген ақ үй басшысы сұхбатында осылай деді. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін бірнеше рет Президенттік мерзімді екі рет қана шектеуге қарсы екенін бірнеше рет білдірген еді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Адамдардың көпшілігі мен 2028-і жылдан кейін де осы лауазымда қалғанымды сұрап жатыр. Бірақ, заңға сәйкес олай істеуге болмайды. Сондықтан, мен Конституциямызға қарсы әрекет етпеймін.
Трамп сондай-ақ, Гренландияны басып алу ойынан қайтпағанын мәлімдеді. Әлемдегі ең үлкен арал тұрғындары референдум өткізіп, өздері шешім қабылдамаса, әскер кіргіземін, - деп қорқытты. Ол туралы тіпті, қорғаныс министрі – Пит Хегсетпен бірнеше рет ақылдасқанын да жеткізді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен ештеңені жоққа шығара алмаймын. Себебі, Гренландия біз үшін аса маңызды. Маған дейін Президент болған адамдар бұны түсінбегені өкінішті. Себебі, олар ақымақ. Сондықтан, біз бар күшімізді жұмсаймыз. Қажет болса, әскерді де.
Трамп Гренландияға ғана емес, Канадаға да сес көрсетті. Өз сұхбатында, қылқан жапырақты ел, бар болғаны 51-і штат болу керектігін және оны басқаратын Премьер-министр емес, жай ғана губернатор деп мысқыл аралас шынын жайып салды.