Астанада «Ерлік – елдік дастаны» атты республикалық командалық айтыстың жартылай финалы өтті. Іс-шара «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылып, Жеңістің 80 жылдығына арналған. Бақ пен бап қатар шапқан жиында әлдилеген дәстүрлі ән, жыр, терме мен күй орындалып, айтыстан сыр шертілді. Сақи дала – Сарыарқаның төсін дүбірлеткен жиын туралы келесі сюжетте.
Суырыпсалма ақындар мен дәстүрлі өнердің дарабоздары дүбірлі додада бас қосты. Бекзат өнердің мейманасы тасыды. Жырдың жалауы желбіреп, күйдің күмбірі естілді. Дәстүрлі әннің дауысы шығандап, текті терме төрге озды. Сахна төріне шығып, сөз өнерінің шеберлігін паш еткендер екі күн бойы Елорда жұртын жырмен сусындатты. Ақындар қайым айтыс, сүре айтыс, түре айтыс пен өтірік өлең айтып сайысса, дәстүрлі әнші, жыршы, термеші мен күйшілер өзара бақ сынады.
АЙГҮЛ ЕЛШІБАЕВ, ТЕРМЕШІ:
Халықтың ұлттық өнерін насихаттап, халықтың алғысын алып, қазақтың музыкалық, ақындық (поэтикалық өнер ғой ақын деген) өнерін насихаттап, халықтың алғысын алып, қазақтың бай мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап жүре берсін дегім келеді.
Былтыр наурыз айында алғаш рет басталған командалық айтыс бірден өнерсүйер қауымның ықыласын оятып, ел ішіндегі өнер мектептеріне тың серпін берген еді. Сол жолы жыр аламанына қатысқан жиырма ұжым биыл толық құрамда екінші маусымға келді. Іріктеу кезеңінен он команда қалды. Ал одан іріктелген 4 топ жартылай финалда өнер көрсетті. Алғашқы кезеңде Қарағанды облысы мен Астана қаласы кездессе, екінші күні Түркістандықтар мен Ақтөбеліктер сынға түсті.
АЯЗБЕК РУСТАМОВ, ЖЫРШЫ:
Қазақ айтады ғой, "кемедегінің жаны бір" дейді. Бәріміз бір үйдің баласындай, біріміз қатты шырқап, төбеміз көкке жетіп жатса, біздің де мәртебеміз жетеді. Біріміз төмен түсіп бара жатсақ біз де мұңаямыз. Сол үшін командалықтың ерекшелігі көп. Бір үйдің баласындай бірге келеміз, бірге кетеміз.
Сахна төріндегі өнер сайысын еліміздің беделді тұлғаларынан құралған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында Жүрсін Ерман, айтыс ақындары мен жыршы-термешілер бар. Жиынды ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай тізгіндеді.
АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бұл жоба - ұлттық өнерді ұлықтауға, ұлттық өнерді қолдауды мақсат тұтқан жоба. Өйткені біздің қанымызға сіңген, ұлттық болмысымызды ұлықтайтын айтыс өнері, жыр, терме, ән, күй осы 5 жанр - ұлттық өнердің 5 жанры.
Сақи дала – Сарыарқаның төсін дүбірлеткен командалар көмбеге бірдей шауып жетті. Бірі озып, бірі қалған жоқ. Ұлттық өнердің төрт тағанын бір сахнаға сыйдырған «Ерлік – Елдік дастаны» айтысы ел рухын биіктеткен мазмұнды мерекеге айналды. Айтыс соңында барлық команда жетекшісі мен ақындарына 500 мың, ал өнерпаздарға 250 мың теңге табыс етілді.