$518.53 €588.17 ₽6.39
×

"Шаш ал десе, бас алған": Шаштаразға барған жастардың басына оқ атып өлтірді

AstanaTV
05.05.2025ж. 23:28
101
"Шаш ал десе, бас алған": Шаштаразға барған жастардың басына оқ атып өлтірді

Швецияның Уппсала қаласында Вальпургий (шведше – Вальборг) көктем мерекесі қарсаңында үш жасөспірім шаштаразда оқпен өлтірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Құрбандардың жасы 15 пен 20 аралығында болған. Оқиға сейсенбі күні сағат 17:00 шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, екеуі шаштараз креслосында отырған кезде бастарына оқ атылған.

Полиция күдікті ретінде 16 жастағы жасөспірімді ұстады, алайда кейін дәлелдердің жеткіліксіз болуына байланысты оны босатты. Арада бірнеше күн өткен соң, тергеу барысында бұл іске байланысты 18 бен 45 жас аралығындағы алты адам қамауға алынды. Олардың бірі – тікелей адам өлтіруге қатысы бар деген күдікке ілінді.

Уппсала қаласы Швециядағы Вальборг мейрамын ең ауқымды тойлайтын қала. Биылғы мереке алдында болған атыс жұртты шошытты, бірақ мерекелік шаралар тоқтаған жоқ. Мыңдаған адам өз жоспарынан бас тартпай, қаланың өзен жағалауына жиналып, дәстүрлі студенттік салттарды жалғастырды.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс Швецияда алаңдаушылық тудырып отыр. Елде соңғы он жылда қарулы қылмыс көбейіп, оған қатысатындардың жасы жасарып келеді. Билік өкілдері мұны қылмыстық топтардың жас балаларды тартуымен байланыстырады. Швеция үкіметі кәмелетке толмағандардың телефондарын тыңдауға рұқсат беретін заң жобасын ұсынып, қару-жарақ туралы заңдарды да қатайтуды жоспарлап отыр.

Оқиға орнында құрбандарды еске алуға келген жастар гүл шоқтарын қойып, көз жасын тыя алмады. 16 жастағы Элиас марқұмдардың бірін жақсы танығанын айтып: "Бәрі шындыққа жанаспайтындай көрінеді" деді.