Алматы облысы прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде айып тұрағында тұрған, бұған дейін тәркіленген мүліктер тоналғаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жалпы құны 100 млн теңгеден асатын Volvo FH маркалы жүк көлігі әкімшілік іс бойынша тәркіленіп, мемлекет кірісіне өндірілуі керек болған. Алайда сақтауда тұрған кезде жүк көлігі бөлшектеліп, ұрланған.
Сонымен қатар, тәркіленуі қажет басқа да мүлікті жасыру дерегі ашылған. Қылмыстық іс аясында құны 8 млн теңге болатын Mercedes E350 маркалы көлігі күдіктінің әкесіне сақтауға берілген. Кейін сот бұл көлікті мемлекет пайдасына өндіру туралы шешім шығарған. Бірақ соттың шешіміне қарамастан, күдіктінің әкесі сақтау міндетін орындаудан бас тартып, көлікті жасырып қойған.
"Бұл заңбұзушылықтар туралы соталды тергеу органдарына түпкілікті шешім қабылдау үшін құжаттар жолданды", - деп жазылған хабарламада.