$514.5 €582.67 ₽6.35
×

Қазақстан мен Вьетнам арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен мәлімдеме жасалды

06.05.2025ж. 20:00
61
Қазақстан мен Вьетнам арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен мәлімдеме жасалды

Алдағы уақытта елімізге вьетнамдықтар ағылып келуі мүмкін. Себебі, Мемлекет басшысы Вьетнам тұрғындарына тартымды болатын Қазақстанның туристік орындарын қарап көруді ұсынды. Бүгінде қос тарап саяхатшылар үшін бар жағдайды жасауда. Визасыз режим орнаған. Әуе қатынасының саны 40-тан асады. Мемлекет басшысы мен  Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы тағы қандай мәселелерді тілге тиек етті? Сүндет Оралбек тарқатсын.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Вьетнам мен Қазақстан көп жылдан бері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Бүгінгі жиын ынтымақтастықты одан сайын арттыра түсері анық.  Қазір мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада күтіп алды. Делегация мүшелерін таныстырып, қос елдің ән ұраны шырқалды. Енді келіссөз залына қарай беттеді.


Вьетнам – Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктесі. Екі елдің де өсіп-өркендеу жолындағы мүддесі ортақ. Шағын құрамда өткен келіссөзде Мемлекет басшысы бұл сапарды қос мемлекеттің мызғымас достығының айғағы деп баға берді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Алдағы уақытта да қос халықтың достығы нығая бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Біз ортақ мақсат-міндеттерге жету үшін күш жұмылдыруға әрдайым дайынбыз.


Қазақ жеріне алғаш рет табаны тиген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы көрсетілген сый-құрмет үшін алғысын білдірді.

ТО ЛАМ, ВЬЕТНАМ КОММУНИСТІК ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ БАС ХАТШЫСЫ:


Сіздің Вьетнамға жасаған сапарыңыздан кейін екі жыл өткенде біздің делегацияның еліңізге арнайы келуі мемлекеттеріміздің ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар өзара сенім деңгейінің жоғары екеніне айқын дәлел. Қазақстан Вьетнамның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесіне айналады.   


СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Вьетнам қазір экономикалық, әскери және сыртқы саясатта биік белестерді бағындырып жатқан ел. Жалпы ішкі өнімі, халқы мен қуаты қарқынды дамып келе жатқанын да атап өткен жөн. Соңғы 3 жылда Қазақстан мен Вьетнам арасындағы алыс-беріс те айтарлықтай артты. Мәселен, былтыр сауда саттық көлемі 752 млн доллардан асты. Алда бұл көрсеткішті 1,5 млрд долларға жеткізу міндеті тұр.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара тиімді байланыстарымызды кеңейтуге толық негіз бар.


Кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында қос тарап туризм саласын да тілге тиек етті. Бүгінде Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнады, ал әуе қатынастарының саны 40-тан асқан.Мемлекет басшысы Вьетнам азаматтарының қызығушылығын тудыруы мүмкін Қазақстандағы туристік аймақтарды зерделеп көруді ұсынды. Сондай-ақ, Вьетнам 2040 жылға  дейін әлемдегі ең ірі 25 экономиканың қатарына кіруді мақсат еткен. Қазақстан тарапы осы өршіл міндетті орындау ісіне жан-жақты атсалысуға дайын екенін жеткізді.

ТО ЛАМ, ВЬЕТНАМ КОММУНИСТІК ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ БАС ХАТШЫСЫ:

Қазақстан ертеректе еліміздегі ұлт-азаттық күреске көмек көрсетті, қазіргі кезде де бізді жан-жақты қолдап келеді. Сол үшін Вьетнам халқы мен партиясы сіздерге дән риза.


Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіздің Қазақстанға мемлекеттік сапарыңыздың тарихи маңызы зор. Бұл қазақ-вьетнам қатынасын дамытудың маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық серіктестік орнатуға келістік. Қазақстан мен Вьетнам ықпалдастығын одан әрі арттыруға қолдау көрсете бересіз деп сенемін.


ТО ЛАМ, ВЬЕТНАМ КОММУНИСТІК ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТІНІҢ БАС ХАТШЫСЫ:


Бұл – мен үшін өте құнды марапат. Өйткені мұны елдеріміздің ондаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан ынтымақтастығы мен тілектестігінің нәтижесі әрі қос халықтың сенімі мен шынайы сүйіспеншілігінің белгісі деп білемін. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, ал қазақ халқының бақ-берекесі арта беруіне тілектеспін.


Келіссөздер қорытындысы бойынша қос тарап бірлескен мәлімдеме қабылдады. Qazaq Air әуе компаниясының атауы өзгерді. Бұдан былай мекеме ұшақтары VietJet Kazakhstan  атауымен көкке ұшады. Компанияны былтыр Вьетнамдық SOVICO Group  ұйымы сатып алған еді. Бүгін акцияларын сатып алу мәмілесін аяқтауды растау туралы актке қос тарап қол қойды.  Ресми делегация мүшелері мұнан да басқа бірнеше құжатпен алмасты.