$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Трамп мигранттарға 1000 доллардан бермек

06.05.2025ж. 20:00
85
Трамп мигранттарға 1000 доллардан бермек
"Өз еркімен елден кеткендерге 1000 доллар беремін". Трамп заңсыз жүрген мигранттарға осындай ұсыныс жасады. АҚШ Президенті ұшаққа билет алып беруге де дайын. Ал, Трамптың ғалымдар мен университеттерге жасап жатқан қысымын Еуропалық Одақ пайдаланбақ. Олар, америкалық ғалымдарды кәріқұрлыққа тартып, қомақты қаражат бермек. Ал, Израиль Батыс жағалау мен Газа секторындағы елдімекендерді қиратып жатыр. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Өз еркімен кеткендерге мың доллар беремін. АҚШ Президенті елде заңсыз жүрген мигранттарға осындай ұсыныс жасады. Тіпті, қайтар жолға билеттерін алып беруге дайын. Оның үстіне, заңды түрде АҚШ аумағына қайта кіруге рұқсат та берілетіні тілге тиек етті. Бұндай қадам ел билігі үшін қомақты қаражат үнемдейді екен. Себебі, мигранттарды аулап, арнайы әскери борт жалдағаннан қарағанда едәуір арзан.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Егер сіз елде заңсыз жүрген болсаңыз, ерікті депортация таптырмас құрал. Ондай жағдайда, ерікті азамат қамауға алынбайды, сәйкесінше, істі болмайды. Ал, қылмыстық топ пен картельге қатысы жоқтары, өздерінің кінәсіздігін дәлелдеп, АҚШ аумағына емін-еркін заңды түрде кіре алады.

Еуропалық Одақ америкалық ғалымдарға пана бермек. Трамп әкімшілігінің әлемдегі ең үздік университеттерге жасаған қысымынан кейін, кәріқұрлық елдері қомақты инвестиция бөлмек. Жалпы көлемі 500 млн ЕУРО ақша америкалық ғалымдарға бөлінбек. Бұл туралы Еуропалық Комиссия төрайымы – Урсула Фон Дер Ляйен Франция Президенті – Эммануэль Макронмен кездесуінде айтты. Париж, өз кезегінде, қосымша 100 млн ЕУРО қарастырып отыр. Бірақ, ол тек Францияға қатысты.

УРСУЛА ФОН ДЕР ЛЯЙЕН, ЕУРОПАЛЫҚ КОМИССИЯ ТӨРАЙЫМЫ:

Ғылым – біздің Еуропалық болашағымыздың кілті деп білемін. Денсаулық сақтаудан бастап, жаһандық климаттық өзгерістер секілді өзекті мәселелермен ғылымсыз күресе алмаймыз. Сондықтан, ғылымға қолдау да, қорған да қажет. 2030-ы жылға дейін біз субсидия көлемін тек арттыра береміз.

Израиль Газа секторын толықтай басып алмақ. Ал, ондағы халықты басқа елдерге қуып жібермек. Бұл туралы елдің барлық ведомствалары жарыса хабарлауда. Одан бөлек, Йордан өзенінің батыс жағалауы, яғни, Палестина аумағында да, елді-мекендерді біртіндеп қиратып жатыр. Ол жерлерге Израиль азаматтарын көшіріп апару жоспарда бар.

ЭФФИ ДЕФРИН, ИЗРАИЛЬ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бірінші кезектегі мақсатымыз – Хамас режимінің көзін жою. Әлбетте, әлі де тұтқында отырған Израиль азаматтарын азат етуге тырысамыз. Артынша, бұл аймақта қауіпсіз орта қалыптастыруымыз керек.

Ұлыбритания Екінші Дүниежүзілік Соғыстағы жеңісті тойлауды бастап кетті. Лондон көшелерінде Король Чарльздың қатысуымен әскери парад өтті. Оған соғыс ардагерлері  қатысып, ұлықталды.