$514.5 €582.67 ₽6.35
×

«Әуедегі жеңіс жердегі еңбектен басталады», - авиация маманы

06.05.2025ж. 20:00
89
«Әуедегі жеңіс жердегі еңбектен басталады», - авиация маманы

Қазақ көгінде сенімді қорған! Әскери авиациясы — ел қорғанысының маңызды бөлігі. Қазір Әуе қорғаныс күштері заманауи техникамен жарақталып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарып отыр. Ұшқыштар мен техникалық қызметкерлердің елеулі еңбегі туралы келесі сюжетте.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Әскери индустрия жаңа кезеңге қадам басты. Мол мүмкіндік. Жаңа техника. Бір ғана осы ұшақ арқылы, шамамен, 20 тонна жүк тасымалдауа болады. Бұл – жаңа ұшақ. 2023 жылдың аяғынан бастап қолданысқа енді. Дәл осы әуе кемелері арқылы елдегі түрлі төтенше жағдайда, соңғы болған су тасқынында көмек көрсетілді. Тіпті, Сирияға гуманитарлық көмек дәл осы ұшақ арқылы жөнелтілген.


Елдегі әуе күштері көпмақсатты жойғыш ұшақ және түрлі тікұшақтармен жабдықталған. Бір сөзбен айтқанда, көпфункциялы. Оның қыр-сырын Мейірхан Жанұзақов жақсы біледі. Ұлттық ұланның авиациясына келгеніне небәрі 1 жыл болған жас маман аз уақыттың ішінде біраз тәжірибе жинадым дейді. Оған жүктелген міндет те қызық. Көп адамға таңсық болуы да мүмкін. Ол ұшақтың дәл тұмсығында отырып, көктегі жолды қадағалайды. Маршрутты реттеу, адаспай межеге жету – штурманға жүктелген міндет.

МЕЙІРХАН ЖАНҰЗАҚОВ, ШТУРМАН:

Штурмандық қызметтің міндеттері – ұщақтың ұшу кезінде әуе навигациясын жүргізу, ұшақтың маршруты, ұшы биіктігін, ұшу жылдамдығын бақылау. Ең басты мақсатымыз - осы.


Әскери авиация тек қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймайды. Төтенше жағдайларда бірінші боп іске кіріседі. Іздестіру-құтқару жұмыстарына атсалысып, гуманитарлық көмек көрсетуге үлес қосады. Мұның барлығы бір ұшқышқа жүктелген жүк емес. Оның артында талай маманның қажырлы еңбегі жатыр. Көкке ұшқанша көзге көрінбейтін біраз тірлік тындыратындардың бірі - Әлібек Малғаждаров.

ӘЛІБЕК МАЛҒАЖДАРОВ, РАДИОЭЛЕКТРОНДЫҚ ЖАБДЫҚТАР БОЙЫНША ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ МАМАНЫ:


Артымызда тұрған ұшақ бойынша, бұл - Қытай Халық Республикаласынан сатып алынған ұшақ. Бұл ұшақтың басты мақсаты – алыс және орта қашықтықта қызмет көрсету. Демек, ауыр заттарды, техникаларды және десанттарды, жеке құрамды алыс және орта қашықтыққа алып келу.


Иә, әуедегі жеңіс жердегі еңбектен басталады. Ұшақтың әр бөлшегі мен батырмасын жатқа біліп, тежегішін тізгіндеп, қыр-сырын жіті меңгерген – техникалық бөлімнің мамандары. Егер олар бір жерден шалыс басса, қауіпсіздік қаперсіз қалады. Құдай бетін әрі қылсын. Бірақ ұшу алдындағы техникалық тексеріс жұрыс жүргізілмесе апаттың орын алуы айтпаса да түсінікті. Қызығы, осындай жауапты істі атқаратын қызметкерлердің айлығы ұшқыштардан екі есе кем.

ЕРКІН ТҰРСЫНҒАЛИҰЛЫ, ТІКҰШАҚТАР МЕН ҚОЗҒАЛТҚЫШТАРДЫ РЕГЛАМЕНТТІК ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Өте жауапты жұмыстардың барлығы осы жерде атқарылады. Бізге көзге көрінбегенімен ұшу қауіпсіздігін жоғары бағалайтын бөлімнің бір. Себебі бұл жерде әуе кемелерінің толыққанды регламенттік жұмыстарды кесте бойынша қамтамасыз етеді. Жерде басталады да еңбектің бәрі. Егер біздің өзіміздің еңбегіміз осы жерде жақсы атқарылса, әуе кемелері толыққанды жұмыстарын атқарып, ұшып жүре алады.


Бұл - Ұлттық ұланның жаңа авиациялық базасы. Былтыр ғана ашылған әуе айлағы 33 гектар аумақты алып жатыр. Техникалық парк алдағы жылдары тағы жаңа транспорттық-ұшақтармен толығады.