Ел шетіне жау төнгенде қасқайып қарсы тұрған батырлардың ерлігі - ұрпаққа үлгі. Шығыстың қос шынарының бірі - Мәншүк Мәметова да қан майданда қаһармандықпен қаза тапса да, жас буын әлі күнге оның ерлігін дәріптеп келеді. Мәншүк туралы ән де шықты, фильм де бар. Батыр қыздың есімі елдімекендер мен мектептерге де берілді. Ерлікке тағзым туралы тілшіміздің материалында.
Төніп келген жауға қарсы бір өзі үш пулеметпен қарсы тұрып, қаруластарын құтқарған Мәншүктің ерлігін оралдықтар аңыз қылып айтады. Сол айқаста 70 немістің көзін жойып, 21 жасында ерлікпен қаза тапқан батыр қыздың есімі музей, мектептерге берілді. Соның ішінде Мәншүк өскен Оралдағы үйдің орны бір бөлек. Қазір бұл ғимарат музейге айналып, соғыстың тілсіз куәлерімен толыққан.
АХМЕДИЯР БАТЫРХАНОВ, М. МӘМЕТОВА МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЕЙІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Мәншүк апамыздың өзі ұстанған заттар бар: қамшысы, қайшысы, отырғышы бар өзі отырған, конвертник, қолдорбасы.Сонымен қоса, көршілерінің іс тігетін Зингер мәшинесімен Мәншүк апамызға анасы көйлек тіккен, сол бар. Ахмет Мәметовтер ұстанған заттар бар.
Ерлікті дәріптеген жас ұрпақ бейбіт заманда білімімен танылып, топ жарып жүр. Мәншүк оқуларында бас жүлде алған Іңкәр Орынғали - соның бірі. Өзі де батыр қыз атындағы мектеп-лицейде оқиды.
ІҢКӘР ОРЫНҒАЛИ, М. МӘМЕТОВА АТЫНДАҒЫ №27 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ ОҚУШЫСЫ:
Қазақстан жастары болашақта осы Мәншүк Мәметова секілді бартырлардың ерліктерін ескеріп, соны үлгі ретінде алып, болашақта осы Мәншүк Мәметова секілді батырлардың қасиеттерін, отан сүйгіштік, қайсарлық, батырлық деген қасиеттерін бойына сіңірсе деймін.
Мәншүк атындағы музей ашылған кезде небары 350 жәдігер болған. Бүгінде қатары толығып, 11 мыңға жетті. Соғыс кезінен қалған бұл бұйымдарды тұрғындар әкелген. Жергілікті өлкетанушы ғалымдардың дерегінше екінші жаһан соғысына Ақжайықтан аттанған 76 мың жауынгердің 1 200-ден астамы қыз-келіншек. Соның 41-і майдан даласында ерлік көрсеткен.