Түркістан облысында мектеп оқушысы шетелдің 86 оқу орнынан шақырту алды. Айсұлтан Алтынбек -Арыс қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің бітіруші түлегі. Ол 4,6 миллион доллар көлемінде грант жеңіп алды. IT саласын таңдаған жасөспірімнің арманы асқақ.
Айсұлтан Алтынбекті АҚШ, Ұлыбритания, Венгрия, Испания, Канада, Аустралия, Малайзия, Германия сынды тоғыз елдің 86 университеті оқуға шақырған. Шетелде оқуды армандаған Айсұлтан былтырдан бері дайындықты күшейткенін айтады. Бірақ мұншалық көп шақырту түседі деп өзі де күтпепті. Шақыртудың басым бөлігі АҚШ-тан түскен. Әлі де ұсыныс жіберіп жатқандар баршылық дейді.
АЙСҰЛТАН АЛТЫНБЕК, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
Негізінде нақты мамандығым IT саласы болғандықтан Италия немесе Малайзия мемлекеттерін жөн көріп жатырмын. Бірақ шешім әлі қабылдамадым.
Айсұлтан өзін шақыртқан оқу орындарының барлығы грантта оқуға мүмкіндік беріп отырғанын айтады. Ең көбі 96 пайыз, ең азы 60 пайыз оқу ақысын төлеп береді дейді. IT саласы бойынша грант ұтып алған оқушы болашақта ойын дизайнын жасаушы мамандығын меңгергісі келеді. Қазақты әлемге танытсам дейді.
АЙСҰЛТАН АЛТЫНБЕК, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
Басты мақсатым осы қазақ тарихы, тіпті аңыздарын осы жастарға және әлемге осы ойын, тиімді жол арқылы таныстырсам деген ой бар. Қазіргі жастар өздеріңіз білетіндей кітаптан бұрын ойындарға және видео ойындарға өте жақын. Егер осы жолы мен тарихымызды тек қана жастарға емес, әлемге танытсақ танымал болатынымызға сөзсіз сенімдімін.
Лицейдің тағы бір мақтанышы – Ерасыл Жүнісбек. Ол шетелдік отыздан астам жоғары оқу орнының шақыртуына ие болып отыр. Ол бизнес сарапшы мамандығын меңгергісі келеді.
ЕРАСЫЛ ЖҮНІСБЕК, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
Ең алдымен елге келіп, бизнес саласын дамытқым келеді. Қазақстанда енді ғана бизнес дамып жатыр ғой, шетелдік компаниялар келеді. Қазақстанның табиғи ресурстарын қолданып немесе ... бірақ ол да бізге көмектеседі. Алайда өзіміз шығарып, өзіміз өндірсек енді көп пайда алатын едік деп ойлаймын.
«Білім-Инновация» лицейінде биыл он оқушы шетелдік оқу орындарынан шақырту алған. Барлығы мақтаулы танымал оқу орындары дейді лицей басшылығы.
ЕСЖАН ОМАРХАН, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ЛИЦЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ШЕТ ТІЛДЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Оқушылардың бұл жетістікке жетуі біздің басқада төменгі буындағы оқушыларымызға үлкен мотивация беріп жатыр. Олардың да шабыттарын ашып жатыр. Олар да көріп жатыр осындай мүмкіндікке жетуге болатынын және қазірден бастап өздерінің дайындықтарын артырып жатыр.
Оқу орны басшылары жетістігіміз әлі алда деген сенімде.