Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері 47 жастағы әйелдің сол жақ кеудесінен ұзындығы 10 сантиметр болатын сымды алды. Бұл туралы аурухананың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Науқас облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған ашық есік күні кезінде дәрігерге қаралып, кеудесінде тұрақты ауырсыну барын айтып шағымданған. Зерттеу барысында оның ағзасында бұрынғы операциядан кейін қалған бөтен дене — металл сым бары анықталған. Әйелге бұған дейін басқа ауруханада оң жақ бұғана сүйегі сынғаны үшін металл құрылғы орнатылғаны белгілі болды. Бірақ уақыт өте келе металл жылжып кетіп, сол жақ кеуде тұсына барып, ауырсыну тудырған.
Науқасқа торакоскопия әдісімен ота жасалып, сым денеден сәтті алынды. Операцияны хирургия-2 бөлімінің меңгерушісі Бекет Мантаев, ассистенті Рауан Жәлімбетов, анестезиолог Ғабит Дүйсен қатысуымен өткізді.
«Ота сәтті өтті. Науқастың жағдайы жақсы. Ол толық ем қабылдаған соң үйіне шығарылып, біраз уақыт емхана бақылауында болады», — деді аурухана өкілі Гүлбану Мақажан.