$514.5 €582.67 ₽6.35
×

Ауғанстанда соңғы 45 жылда алғаш рет ұлттық халық санағы жүргізіледі

AstanaTV
07.05.2025ж. 06:48
90
Ауғанстанда соңғы 45 жылда алғаш рет ұлттық халық санағы жүргізіледі
Фото: AP / Siddiqullah Alizai

Ауғанстан билігі 1979 жылдан бері алғаш рет ұлттық халық санағы науқанын өткізуге ниетті және бұл мәселе Ауғанстан министрлер кабинетінің отырысында басты мәселе болды, деп хабарлайды РИА Новости.

Дүйсенбі күні премьер-министр Мұхаммед Хасан Ахундтың төрағалығымен өткен отырыста жалпыұлттық санақты өткізудің ұсынылып отырған негіздері талқыланды.

— Министрлер кабинеті Ұлттық статистика және ақпарат агенттігіне (NSIA) халық санағы жоспарының жобасын мұқият зерделеуді және үкіметтің келесі отырысына қорытынды есепті ұсынуды тапсырды, — делінген хабарламада.

NSIA директоры Абдул Қадырға ұсынысты бағалау және санақ жоспары туралы жан-жақты есеп дайындау үшін арнайы кеңес шақыру тапсырылды.

Ауғанстан бойынша нақты демографиялық деректер, соның ішінде әртүрлі этникалық және әлеуметтік топтар жайлы анық мәліметтер жоқ. NSIA мәліметтері бойынша, 2023-24 жылдары Ауғанстан халқының саны 35,7 миллионға жеткен болуы мүмкін. Алайда, БҰҰ-ның кейбір институтының бағалауы бойынша, 41,4 миллион адамға жетуі мүмкін.

Ауғанстандағы соңғы ұлттық халық санағы 1979 жылы жүргізілді және қауіпсіздік мәселесіне байланысты ел аудандарының 67%-ын ғана қамтыды, ол елге кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің кіруімен үзілді.