$510.06 €566.32 ₽6.32
×

"Ел қорғау – абыройлы міндет және зор жауапкершілік", - Президент

08.05.2025ж. 20:00
119
"Ел қорғау – абыройлы міндет және зор жауапкершілік", - Президент

Ел қорғау – абыройлы міндет және зор жауапкершілік. Бұл – әр азаматтың перзенттік парызы. Астанадағы «Қазақ елі» алаңында өткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған Әскери парадта Мемлекет басшысы осылай деді. Салтанатты шеруде армиямыздың 4 мыңнан астам сарбазы күштік құрылымдардың қауқарын көрсетті. 200-ден астам техника мен 66 ұшақ әскердің әлеуетін асқақтатты. Бүгінде еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше ден қойылған. Қарулы Күштер жаңарды. Армиямызды күшейту үшін нақты жұмыстар жүргізілуде.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мемлекет әскери қызметшілерге, арнаулы мекемелер мен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді. Армиямыздың күш-қуаты жауынгерлік рух пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – елдегі қауіпсіздік пен тыныштық кепілі. Біз озық ойлы ұлт ретінде заң мен тәртіпті бәрінен биік қоятын болдық. Әр азаматтың бойында Отанға деген адалдық пен әділдік болуға тиіс.


Биыл Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге баса назар аударылды.  Елде мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп жатыр. 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетін болды. Елімізде қазақстандық майдангерлерге арналған «Батырларға тағзым» атты шеру өтеді. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысушылардың ұрпағы аталарының суреттерін көшелермен алып жүреді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінгідей жаһандық саясатқа агрессия мен қатыгездіктің жегі құрты дендеп енген кезеңде соғыстың қасіретін еліміздің барша азаматына түсіндіру аса маңызды. Ақиқатты танымай бейбітшіліктің қадірін білу мүмкін емес. Соғыстың тарихи ақиқатын, Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды. Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр.