Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына биыл 100 жыл. 18 жыл ғана өмір сүрсе де, қазақ қызының батылдығы мен қайсар рухын бүкіл әлемге паш етіп кетті. Әлия майданда алты ай уақыт ғана соғысып, сексенге жуық жау әскерінің көзін жойған. Батырдың туған өлкесі Ақтөбедегі музейде биыл реэкспозиция жасалды.
Әлия Молдағұлова Қобда ауданының Бұлақ ауылында дүниеге келген. Алты жасында анасы өмірден озды. Сол кезден бастап Әлия нағашы әжесі мен нағашы ағасының қолында тәрбиеленеді. Кейін ағасы отбасымен Мәскеуге, артынша Ленинградқа қоныс аударған. Сол жылдары соғыс басталып, Әлия мергендер дайындайтын курсті үздік тамәмдап, өз еркімен майданға аттанады.
АДИНА ТУГУЛҒАЛИЕВА, Ә. МОЛДАҒҰЛОВА АТЫНДАҒЫ МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЕЙДІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Күтпеген жағдай орын алып, Әлияның командирі саптан шығып қалады. Мұны көрген жауынгерлер қорқақтап артқа шегіне бастайды. Сонда Әлия шегінген жауынгерлерді көріп, өзі бір қадам алға шығып, «Жолдастар, отандастар біздің жауынгерлер ешқашан артқа шегініп көрген емес. Отан үшін алға !» деп барлық жауынгерлері артынан ертіп бірден неміс траншеясына өзі баса көктеп кіріп сегіз фашисттің көзін жойған.
Әлия 54 арнайы атқыштар бригадасы құрамында соғысты. Псков облысының ауылдарын жаудан азат етуге қатысты.Әлия бір өзі сексенге жуық жау әскерінің көзін жойған. Мерген қыз қахарлы соғыс жылдары өзінің нәзік жүрегін, бауырға деген сағынышын артында қалған туыстарына жазған хаттарында жеткізген. Хаттарына көбіне кептірілген гүлдерді де салып отырған.
АРИЯ ХАБИЕВА, Ә. МОЛДАҒҰЛОВАНЫҢ НЕМЕРЕ СІҢІЛІСІ:
Бір екі хат жазған папама соның ішінде Әлия апамыздың міңезі өте анық көрінеді. Негізі біз айтамыз ғой өте мықты, жігері жоғары деп, бірақ хаттың ішінде Әлияның нәзік жүзі, сезімдері нәзік. Өте гүлдерді жақсы көретін.
Әлия Молдағұлова 1944 жылдың қаңтар айында майдан алаңында ауыр жараланып, қаза тапты. Мергеннің дорбасында ағасына жазған соңғы хаты мен Жамбыл Жабаевтың шығармалар жинағы табылған. Кейін оған Кеңес одағының батыры атағы берілді. Қазір Мәскеуде, Сант-Петербургте, Таразда және Ақтөбеде батырдың мұражайы, атымен аталатын көше бар. Ал туған өлкесі Ақтөбедегі мұражайда биыл реэкспозиция жасалып, батырдың бейнесіне жасанды интеллекттің көмегімен жан бітірді. Бұл мұражайда батыр қызға қатысты 11 мыңнан астам экспонат сақталған.