Жеңістің 80 жылдығына орай сырбойылық 80 майдангердің құнды қолжазбасы антологиялық таспаға жинақталып жатыр. Ұрыс даласында жазылған сарғайған хаттар отты жылдардың ескірмес естелігі іспеттес. Сағынышы мен үмітін қаламмен өрнектеген жауынгер жырларын аймақ өнерпаздары қайта жаңғырту үстінде. Олардың ғылыми негіздемесі де әзірленеді. Ғалымдардың айтуынша, майдан даласынан жолданған хаттарда мұң емес, елде қалған қауымның көңілін демдейтін рухты жырлар басым екен.
Ғылыми еңбектер күйтабаққа топтастырылып қана қоймай, жазбаша нұсқада да жинақталады. Яғни тарихшылар өңірлік мұрағат қорында сақтаулы мол мұраны саралауды қолға алған.
АМАНДЫҚ БҮРЛІБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тек қана жыршы-жырауларымыздың орындаушылығымен ғана шектелмей ғылыми бағытта жұмыс жасау біздің 1-кезектегі жұмысымыз. Ғылыми мамандарымыз бүгінде күні-түні жұмыс жасап, ел-елден біздің ақын, жазушылардың үнтаспаларын тауып, жыраулар үйінде оны өңдеу, таспалау бағытында жақсы жұмыстар атқарылып жатыр.