Адамзат тарихындағы ең қасіретті соғысқа 1 жарым миллионнан аса қазақстандық аттанды. Оның жартысынан көбі елге оралмады. Олар кеудесін оққа тосып, бейбіт күннің орнауы үшін қыршыннан қиылды. Ал аман-есен жеткені ел игілігі үшін қызмет етті.
Соғыс ардагері Бекмағанбет Әбдірайымов Отан алдындағы борышын өтеп, енді елге ораламын дегенде майданға аттанған. Ол ұрыс даласына жеткенде 20-ға толған бозбала еді. Әкесі туралы естелікпен бөліскен Сәбит Әбдірайымов жылда Жеңіс күні қарсаңында майдангерлер біздің үйге жиналатын еді, дейді.
СӘБИТ ӘБДІРАЙЫМОВ, ҚАЛАЛЫҚ АИТВ ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Әкеміз 1920 жылы кеткеннен 1946 жылдың тамызында елге оралады. Яғни, 6 жыл соғыста болып, елге оралып, еңбек жолын бастайды. Сөйтіп әкеміз, 1946-1983 жылға дейін өзінің елінің, ауылының әл-ауқатын көтеру үшін ауыл шаруашылығында көп жыл жұмыс істеген.
66 жасында дүниеден өткен ардагер саналы ғұмырында аттан түспеген. Талай нәубетті көзбен көрген ол елге келген соң, бригадир, ауылдық кеңестің хатшысы, ауданның бірнеше мәрте депутаты болған. Сондай-ақ көкпар тартып, республикалық додаларда Сырдың намысын қорғаған. Майдангер бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Қазір қос шыбық мәуелі бәйтерекке айналды.
СӘБИТ ӘБДІРАЙЫМОВ, ҚАЛАЛЫҚ АИТВ ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Адам ұрпағымен мың жасайды дейді. 9 немере бар, 23 шөбересі бар. Осы біздің Қазақстанның көркеюіне, өсуіне өздерінің үлестерін қосып жатыр.
Бейбіт өмір үшін күресіп, кеудесін оққа тосқан батырлардың қатарында Ережеп Бейсетаев та бар. Әскер қатарынан соғыс даласына аттанған жауынгер 5 жылдан кейін аман-есен оралып, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Саналы ғұмырында ел игілігі үшін туған жері Алғабас ауданы Шалдар елдімекенінде тұтынушылар кәсіподағында қызмет атқарған. Соғыс ардагері туралы жылы естеліктермен немересі Ақтоты Ережеп бөлісті.
АҚТОТЫ ЕРЕЖЕП, МАЙДАНГЕР НЕМЕРЕСІ:
Майдан шебінде І және ІІ дәреджелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Медаль за отвагу», «Медаль за победу над Германией» және «Ұлы Жеңістің 20-30-40-50 жылдығы» медальдарымен мараптталған. Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында естеліктерін еске түсіре отырып, бұл күнге жеткен де бар, жетпегені қанша деп көз жасына ерік бергені есімде.
Ережеп Бейсетаев жұбайы Сұлумен 4 ұл, 6 қыз тәрбиелеген. Қазір майдангердің ұрпақтары батыр атасының өмірін өнеге тұтып, ержүрек батырлығын мақтан тұтады.