Геосаяси жағдай шиеленіскен Үндістан мен Пәкістандағы қазақстандықтардың қауіпсіздігіне алаңдауға негіз жоқ. Бұл туралы Сенат кулуарында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин айтты. Сөзінше, қазір бұл аймақта соғыс бастала қоймаған. Сол себепті халықты эвакуациялайтын қажеттілік жоқ. Сондай-ақ министрлік өкілі Үндістан әуе кеңістігі ашық екенін атап өтті. Сондықтан онда қалып қойған Қазақстан азаматтарын қайтаруға жолаушыларды сол елге апарған әуе компаниясы жауапты екенін айтты.
АҚАН РАХМЕТУЛЛИН, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Екі елде де Қазақстан азаматтары бар. Менің білуімше, қазақстандықтардың саны Үндістанға қарағанда Пәкістанда көбірек. Олар елшілікпен тұрақты байланыста. Бұл біз білетін, яғни консулдық есепте тұрған азаматтар. Қазіргі таңда толыққанды ұрыс әрекеттері жүріп жатқан жоқ, тек шекара маңында жекелеген соққылар болды. Сондықтан қазір эвакуациялау мәселесі тұрған жоқ.