Елімізде кәсіптік білім беру ұйымдарын қаржыландыру көлемі 2 есе ұлғаяды. Мәселен бұған дейін бір студентті оқытуға бөлінетін орташа қаражат 437 мың теңге болса, бірінші қыркүйектен бастап 912 мың теңгеге жетпек.
Қостанай жоғары педагогика колледжінде мың екі жүз студент білім алып жатыр. Қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі ұлғаяды.Қомақты қаражаттың көмегімен материалдық –техникалық базаны нығайтуға, жатақхана, оқу ғимараттарын жаңғыртуға мүмкіндік туады дейді, директор.
ЖОМАРТ ҚҰСАЙЫНОВ, ҚОСТАНАЙ ЖОҒАРЫ ПЕДАГОГИКА КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Түлектерімізді әлеуметтік серіктестермен жұмыс жасап, өндіріске дайындауымызға үлкен ықпалын жасайды.Және қаржылай екі есе ұлғаюуы ұстаздарымыздың түрлі халықаралық деңгейдегі сайыстарға да қатысуға және мықты маманды дайындап, солардың біліктілігін көтеруге үлкен қолдау жасалынады.
Колледж студенттерінің стипендиясы кейінгі екі жылда екі есе көбейген. Еліміз бойынша 300 мыңнан астам студент қамтылып отыр. Оның сыртында мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылар тамақпен және жол ақысымен қамтамасыз етілген.
ЗАРИНА СЕРІКБАЙ, СТУДЕНТ:
Сырттан келген студенттерге тегін жатақхана бар,тегін тамақтары бар.және де ең бастысы стипендия болып табылады ғой.Сол стипендия қазір көтерілуде. Мұғалімдер арасында да өте жақсы мүмкіндіктер жасалуда.
Бұл жаңашылдық колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыратыны сөзсіз. Өйткені үздік кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары үшін ынтыландыру төлемдері қарастырылмақ.
АРДАҚ БЕГАТАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Оқу-ағарту министрлігімен әзірленіп жатыр.Осы әзірлену әдістемесінің қазіргі жобасына сай колледждер лигаларға бөлінеді.Төменгі лигаға 750 мың көлемінде қаражат қарастырылады.Ортаңғы лигаларға 912 мың көлемінде, ал жоғары лигаларға 1милиион 250 мыңдай қаражат қарастырылуда.
Қазақстанда 700-ден аса кәсіптік-техникалық колледж бар.Білім ошақтарында 556 мың студент оқиды. Қаржыландырудың жаңа жүйесі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға, білім беру ұйымдарын заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен қамтуға,педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді, дейді сала мамандары.