$514.5 €582.67 ₽6.35
×

Ардагер параспортшы Құбайдолла Хасанов 80 шақырымдық жаяу жүрісті сәтті аяқтады

AstanaTV
08.05.2025ж. 16:29
83
Ардагер параспортшы Құбайдолла Хасанов 80 шақырымдық жаяу жүрісті сәтті аяқтады

Батыс Қазақстан облысында мүгедектер спортының дамуына елеулі үлес қосқан ардагер параспортшы, Хасанов Құбайдолла Хамзаұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 80 шақырымдық жаяу жүріс бағытын сәтті еңсерді. 79 жастағы спортшы бұл бастаманы аяқтар алдында күн сайын 10 шақырымнан жүрді.

Аяғынан алған жарақатына қарамастан (III топ мүгедегі), Құбайдолла Хамзаұлының бұл әрекеті — шынайы ерлік пен рухтың айқын көрінісі.

Осыған орай, 2025 жылғы 8 мамырда Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов ардагер спортшыны арнайы қабылдап, оған алғыс хат табыстады. Басқарма басшысы Құбайдолла Хасановтың бұл бастамасы жастарға үлгі, ел спортына қосқан өлшеусіз еңбегі екенін атап өтті.

"1946 жылы БҚО Бәйтерек ауданы, Петров ауылында дүниеге келген Құбайдолла Хамзаұлы өмірінің көп бөлігін өнер мен спортқа, жас ұрпаққа үлгі болуға арнады."

Құбайдолла Хамзаұлы — пара пауэрлифтингтен 2 дүркін Азия чемпионы (2004 ж. — Үндістан, 2006 ж. — Филиппин), сондай-ақ өңірдегі параспорт қозғалысының дамуына белсенді түрде үлес қосып келе жатқан тұлға. Ол өзінің саналы ғұмырын ел спорты мен салауатты өмір салтын насихаттауға арнаған.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы ардагер спортшының бастамасын қолдай отырып, бұқаралық спортты дамыту мен жас ұрпаққа өнеге болуда осындай азаматтардың үлесі ерекше екенін атап өтті.