Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханаға мойын омыртқасының ауыр жарақатымен Малайзия азаматы жедел жеткізілді. Науқас мойыннан төмен қарай толық сал болып, қимыл-қозғалыс пен сезімталдықтан айырылған еді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Дәрігерлер қойған диагноз – тетраплегия. Пациент шұғыл түрде реанимацияға жатқызылып, кейін омыртқааралық жарықтың (С3–С4 деңгейі) жарақаттан кейінгі пролапсы салдарынан күрделі нейрохирургиялық операция жасалды. Бұл патологияның салдары қайтымсыз болуы мүмкін еді.
Ота Марат Алматов жетекшілік еткен жоғары білікті нейрохирургтар тобының қатысуымен өтті. Шұғыл араласудың арқасында алғашқы күннің өзінде пациенттің сезімталдығы қайта орала бастады. Ал оныншы күні ол өздігінен жүріп кеткен. Мұндай диагноз қойылған пациенттердің 95%-ы өмір бойына төсекке таңылатынын ескерсек, бұл оқиға – медицинадағы нағыз ғажайыптың бірі.
Малайзия азаматы Алматыға туристік сапармен келіп, Шымбұлақ тауларында демалып жүргенде абайсызда басымен мұзға құлап, ауыр жарақат алған.
Құлаған соң қол-аяғымды мүлдем сезбедім. Толық сал болдым. Тек әйелімді шақыруға ғана шамам келді. Жедел жәрдем келіп, ауруханаға жеткізді. Өзімді өмір бойы жүре алмайтын шығармын деп ойладым, – деп еске алады шетелдік азамат.
Оның айтуынша, операцияға дейін ол мүлдем қимылдай алмаған. Алайда отадан кейінгі алғашқы тәуліктің соңында қолын қозғалта бастап, біртіндеп сауыға түскен.
Доктор Марат Алматовқа және оның командасына ерекше алғысымды білдіремін. Әрбір маман өте мұқият, білікті әрі жанашыр. Бұл – менің қалпына келуімнің басты себептерінің бірі. Қазақстандық медицина деңгейі көптеген елдерден жоғары деп ойлаймын. Маған жаңа өмір сыйлағандарыңыз үшін ризамын. Сіздердің қолдарыңыз – алтын, – деді науқас ауруханадан шыққан соң.
Сауыққан соң Малайзияға оралған пациентті жергілікті дәрігерлер тексеріп, отандық медицина мамандарының кәсіби шеберлігіне жоғары баға берді.