$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Қазақстанда алғаш рет қашықтан робот арқылы ісікті алып тастау отасы жасалды

AstanaTV
09.05.2025ж. 00:06
90
Қазақстанда алғаш рет қашықтан робот арқылы ісікті алып тастау отасы жасалды

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында (ҚазОРҒЗИ) Қазақстанда алғаш рет Sagebot SR–2000 роботтандырылған хирургиялық жүйесін қолдана отырып, Бейжің университетінің Бірінші ауруханасымен бірлесіп бірегей хирургиялық араласу жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Хирургия шамамен екі сағатқа созылды. Операция барысында ағзаның функционалдық белсенділігін сақтай отырып және операциядан кейінгі асқыну қаупін азайта отырып, қатерлі ісікті алып тастауға бағытталған бүйректің ағзаны сақтайтын ішінара резекциясы орындалды.

Операцияны доктор Ли Сюэ Сун (М.D., Рh.D.) Бейжің қаласында (ҚХР) және заманауи телекоммуникациялық технологияларды қолдана отырып, араласу барысын қашықтан басқарды. Алматыда (Қазақстанда) операцияның барысын бақылауды ҚазОРҒЗИ хирург-дәрігері, PhD Хусан Талипбайұлы Өмірзақов жүзеге асырды.

Роботтандырылған хирургия урология, гинекология және жалпы хирургия сияқты салалардағы ең заманауи және тиімді әдістердің бірі болып табылады. Бұл әдіс лапароскопияның артықшылықтарын — аз инвазивті қолжетімділікті және тіндердің ең төмен жарақаттануын — 3D-бейнелеу мүмкіндіктерімен, қозғалыстың жоғары дәлдігімен және интеллектуалды бақылау жүйелерімен біріктіреді. Бұл операциядан кейінгі кезеңнің жеңіл ағымын, ерте белсендіруді, емдеуге жатқызу уақытын қысқартуды және асқыну қаупін азайтуды қамтамасыз етеді.

Медициналық технологияларды стратегиялық дамыту шеңберінде алдағы айларда роботтандырылған хирургиялық жүйені пайдалана отырып, 50 жоғары технологиялық операция жүргізу жоспарланып отыр. Операциялар урология, гинекология және абдоминалдық хирургия сияқты негізгі бағыттарда жасалады.

Бүгінгі таңда Қытай мен Түркияның жетекші онкология орталықтарымен қолданыстағы келісімдердің шеңберінде роботтандырылған хирургияны қолдана отырып, әртүрлі локализациялардағы ісік ауруларын емдеудің инновациялық әдістерін енгізу бойынша бірлескен жобаларды іске асыру жоспарлануда.