$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Биыл республика бойынша тұрғын үйлердің өртке орануына қатысты 4024 факт тіркелген

AstanaTV
18.07.2017ж. 20:00
2704
Биыл республика бойынша тұрғын үйлердің өртке орануына қатысты 4024 факт тіркелген

Бүгін Астанада Ішкі істер министрлігінің бас ғимаратында өрт шықты. Жалын биік ғимараттың бірінші қабатындағы кабинеттердің бірінде орын алған. Ал осыған ұқсас жағдай жуырда тұрғын үй кешендерінің бірінде болған еді. Салдарынан адамдар ыстан уланып қайтыс болды. Төтенше жағдайлар комитетінің ақпарынша, республика бойынша тұрғын үйлердің өрт салдарынан зардап шегу фактілері азаймай отыр.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай өткен аптада Астанадағы Хайвилл тұрғын үй кешеніндегі өрттен 4 шетелдік азамат көз жұмған. Алдын ала болжам бойынша, тілсіз жау электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін. Жалпы, өткен жылы Қазақстанда тұрғын үйлердің өртке орануы бойынша 9892 факті тіркелген. Биылғы шілде айына дейін 4024 оқиға орын алды. Ал Елордада жыл сайын 800-ге тарта өрт оқиғасы болады екен.

Руслан Иманқұлов,  ҚР ІІМ ТЖ комитетінің ресми өкілі:

Осындай жоғары қабатты үйлерде жылына 17-16 өрт болып тұрады. Бұл жайт өте қайғылы, бірден 4 адам қайтыс болды. Алдында бұндай фактілер болған емес.

Ал бүгін таңертең сағат сегіздер шамасында Ішкі істер министрлігінің бас кеңсесінде өрт шықты. Бұл жолы да оқыс оқиғаға электр сымдарының тұйықталуы себеп болды деп болжам жасалып отыр. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ ТЖ комитетінің ресми өкілі:

Әкімшілік ғимараттта түтін байқалды деген мәлімет келіп түсті. Дереу біздің арнайы бөлімдеріміз ол жаққа жетіп келді.

Көп қабатты уйлерде өрт қауіпсіздігі қаншалықты қарастырылған? Осы сұраққа жауап табу мақсатында біздің түсіру тобымыз елордадағы кешендердің бірқатарына бас сұқты. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері көп қабаты уйлерді тек тұрғындар тарапынан өтініш түскен кезде ғана толықтай тексеруден өткізеді екен. Астана қалалық департаменті өкілінің сөзінше, бұл 25 қабатты тұрғын үй өрт қауіпсіздігіне арналған  алдын ала сақтану шараларына сақадай сай.

Мұрат Мадыбеков, Астана қ. ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бас маманы:

Он қабаттан жоғары үйлерде міндетті түрде өрт сөндіру крандары болуы тиісті. Өрт сөндіру крандарының ішінде өрт лұқпаны және де басқа да сөндіру құралдары огнетушитель порошковый немесе басқа да өрт сөндіру құралдарының түрлері болуы тиісті және де бұл жерде өрт сөндіру автоматты жүйесінің дабылдағыш, егер де өрт болған жағдай да мынаны түсіріп, басасыздар.

ТЖ мамандары тілсіз жаудың және газға улану салдарының тым ауыр болатынын тағы бір еске салады. Сақтық шараларының маңыздылығына тоқталып, бірқатар кеңестерімен бөлісті.

Пәтерден шығар алдында, бүкіл электр құралдарын сөндіріп кетулеріңіз қажет және, өрт болған жағдайда үрейге тап болмай, өз-өздеріңізді қолдарыңызға ұстап, қауіпсіз жерге көшулеріңіз қажет. 

Диана САПАРҚЫЗЫ