Оралда алаяқтар көбейіп барады. Жыл басынан бері қалада 4500-дей қылмыс тіркелсе, елеулі бөлігі алаяқтардың қатысуымен орын алған. Әрі олардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Ғаламтор желісі де пысықтар үшін іздегенге сұраған болып тұр. Олар аңқаулармен виртуалды сауда жасап, тақырға отырғызып кетеді екен. Ал жуырда жиһаз жасап беремін деген бір пысықтың тұрғындардың 15 миллион теңгесін алдап алып кеткені анықталды.
Еркін Карин, тілші:
Аңғалдық
жарға жығады. Оңай олжа іздегендер адамдардың ақкөңілдігін пайдаланады.
Алдап-сулап сеніміне кіреді де, ақшасын алып тайып тұрады. Енді олардың
қатарына интернетке икемді пысықтар қосылды.
Жоқ
жерден алданған Жанар ас үй жиһазын жасатпақ болып, әлемторды ақтарады. Өзіне
ұнаған шебермен келісіп, ақшасын алдын-ала төлейді. Оның елді алдаған арамза
екенін соңынан біліпті. Енді өкінгеннен пайда жоқ.
Жанар Есқалиева, Орал қаласының тұрғыны:
Қазір тапсырыс көп. Жарты ақшасын берсең, екі аптада жасап берем деді. Бірақ екі апта өтсе де, хабар жоқ. Алаяқ екенін сонда білдім. Енді ақша да жоқ, мебель де жоқ. Ал кухонныйды кредитке алатын шығармын, мен үшін сол тыныш.
Жиһазға тапсырыс берген 98 оралдық дәл осылай алданыпты. Айласын асырған алаяқ 15 миллион теңгені қалтаға басқан. Тұрғындар оның келісімшарт жасағанына малданып, тапсырыс құнының 30% төлепті. Алданғанын білгесін құзырлы органдардан көмек сұраған, қазір күдікті қамауда.
Ершат Қамбетов, Орал қалалық прокуратурасы тергеу бөлімінің бастығы:
Алаяқтардың 80 пайызы жұмыссыз азаматтар. Яғни олардың үнемі табыстары жоқ. Бұл жағдай оларды қылмыс жасауға итермелейді. Талдау көрсеткендей, қазіргі кездегі алаяқтық қылмыстардың ең көп тараған түрі қызмет көрсету саласына қатысты болып отыр.
Құзырлы
органдар тұрғындардың барынша мұқият болуын сұрайды. Өйткені интернет арқылы
онлайн-сауда жасағандардың да адам алдауға бейім екені анықталды. Егер олардың
кінәсі дәлелденсе, дүние-мүлкі тәркіленіп, екі жылға дейін сотталуы мүмкін.
Бірақ мұны дәлелдеу оңай емес. Сондықтан күмәнді келісімнен қашық жүрген дұрыс.
Еркін
КАРИН