$516.01 €582.47 ₽6.26
×

«Ауыл Аманаты» жобасы аясында Ақтөбеде 3 мың жаңа жұмыс орны ашылды

AstanaTV
10.05.2025ж. 17:24
79
«Ауыл Аманаты» жобасы аясында Ақтөбеде 3 мың жаңа жұмыс орны ашылды

Ақтөбе облысында 2023-2024 жылдары "Ауыл Аманаты" бағдарламасына 15,0 млрд теңге бөлініп, толығымен игерілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2025 жылы бағдарламаға республикалық бюджеттен 4,0 млрд теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің қайтарым қаражаты есебінен (револьверлік несиелеу) 1,2 млрд теңге бөлініп, жалпы 16,3 млрд теңгеге 2 866 жоба қаржыландырылды. Бұл 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді. Жобаның негізгі бағыттары: мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, құс шаруашылығы және шағын бизнес.

«Ауыл Аманаты» жобасының нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететін бірқатар көрсеткіштерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, құс етімен қамтамасыз ету 5,6%-ға, көкөніспен қамтамасыз ету 5,4%-ға, картоппен қамтамасыз ету 4%-ға артты. Сонымен қатар, облыс халқының орташа табысы 11%-ға жоғарылады. Жоба аясында 1 620-дан астам жаңа кәсіп ашылды.

Әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарды қолдау мақсатында 41 атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы жобамен қамтылды. Сонымен қатар, жоба аясында тауарлық несиелеу тетігі енгізілді. Бұл тетік кепілге қоятын мүлкі жоқ, несиелік міндеттемелері көп, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған. Қазіргі таңда өңірде 209 шаруашылықтың көмегімен 339 отбасыға 4 804 бас мал берілді. Оның ішінде 1 120 бас сиыр, 720 төл, 3 484 бас қой, 3 484 төл, 194 бас жылқы, 92 төл және 6 бас түйе бар.

Атап өтейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ауыл Аманаты» жобасы аясында «тауарлық несие» беру мәселесін қарастыру қажеттігін айтқан болатын. Бұл бастама ауыл тұрғындарының мал шаруашылығымен айналысып, өз кәсібін дамытуына үлкен мүмкіндік береді. «Ауыл Аманаты» жобасы алдағы жылдары да өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қоса бермек.