$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Google Техасқа 1,4 млрд доллар өтемақы төлейтін болды

AstanaTV
10.05.2025ж. 19:55
66
Google Техасқа 1,4 млрд доллар өтемақы төлейтін болды

Америкалық Google компаниясы Техас штатының тұрғындарынан рұқсатсыз дерек жинағаны үшін 1,4 миллиард доллар өтемақы төлеуге келісті. Бұл туралы штаттың бас прокуроры Кен Пакстон мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.

Бас прокурор Пакстон бұл келісімді технологиялық компанияларға жолданған ескерту ретінде бағалады:

Техаста ірі IT-компаниялар заңнан жоғары тұра алмайды. Google жылдар бойы адамдардың қозғалысын, жеке іздеу сұраныстарын, тіпті дауыс пен бет құрылымын өзінің сервистері арқылы жасырын түрде қадағалап келді. Біз мұндай әрекеттерге қарсы тұрып, әділетті жеңдік, — деді ол.

Келісім 2022 жылы Техас штаты көтерген бірнеше талапты жабады. Олар геолокация деректерін жинау, инкогнито режимін теріс пайдалану және биометриялық ақпаратты заңсыз қолдану мәселелерін қамтыды. Штат өкілдері Google қолданушылардың жеке ақпараттарын заңсыз бақылап, жинағанын мәлімдеген болатын.

Google өкілі Хосе Кастанеда бұл келісім «өткендегі талаптармен» байланысты екенін, олардың көбісі компания тарапынан бұрыннан өзгертілген өнім саясатына қатысты екенін айтты.

Біз бұл мәселені артта қалдырғанымызға қуаныштымыз және сервисімізде деректер құпиялығын қамтамасыз ететін сенімді тетіктерді енгізуді жалғастырамыз, — деді Кастанеда. Сонымен қатар, келісім Google өнімдеріне қосымша өзгеріс енгізуді талап етпейді.

Пакстонның айтуынша, бұл өтемақы — Google компаниясына қатысты жеке штат тарапынан өндірілген ең ірі сома.

Соңғы екі жылда Техас Google-мен екі ірі келісімге келген. 2023 жылдың желтоқсанында компания Android қолданбалар нарығын монополиялады деген айыпты реттеу үшін 700 миллион доллар өтемақы төлеуге және бірқатар шарттарды орындауға келіскен болатын.

Айта кетейік, Meta компаниясы да биометриялық деректерді пайдалануға қатысты дәл осындай айыппен Техас штатына 1,4 миллиард доллар төлеуге келіскен.

Бұл жағдай IT-компанияларға қолданушылардың жеке деректерін қорғау мен ашықтықтың маңыздылығы туралы кезекті ескерту болып отыр.