Қытай мен АҚШ өкілдері Женевада сауда-экономикалық мәселелер бойынша жоғары деңгейлі келіссөздерге кірісті, деп хабарайды BAQ.KZ Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Келіссөздерге Қытай Халық Республикасының атынан ҚКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Мемлекеттік кеңестің вице-премьері Хэ Лифэн, ал АҚШ тарапынан Қаржы министрі Скотт Бессент қатысып жатыр.
Агенттіктің хабарлауынша, Хэ Лифэн Қытай мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық байланыстар жөніндегі үйлестіруші ретінде әрекет етуде. Өз кезегінде Бессент те екіжақты қарым-қатынастардағы басты үйлестіруші саналады.
Аталған келіссөздер АҚШ пен Қытай арасындағы ұзаққа созылған сауда келіспеушілігі аясында өтіп жатыр. Бұған дейін, 22 сәуірде АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент сауда қатынастарындағы тұрақсыздыққа алаңдаушылық білдірген болатын. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай тауарларына салынған кедендік баждар деңгейін төмендетпейтінін мәлімдеген еді. Қазіргі уақытта бұл баж салығы орта есеппен 145 пайызға дейін жетіп отыр.